Зейнетақы ақшасын көлік сатып алуға пайдалану ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы ақшасын көлік сатып алуға пайдалану ұсынылды

17.02.2021

Соңғы кезде зейнетақы салымдарын көлік сатып алуға пайдалану туралы ұсыныс айтылып жатыр. Мұндай бастаманы автокәсіпкерлік қауымдастығы көтерді. Ал, оған көпшілік қалай қарайды. Жалпы, қордағы қаржыны көлік алуға жұмсау қаншалықты тиімді? Экономистер не дейді? Тілшіміз тарқатады.

Зейнетақы қорындағы қаржыға көлік алуды ұсынған автокәсіпкерлік қауымдастығының пікірінше, бұл отандық машина жасаушыларға қолдау, әрі халыққа да пайдалы болар еді. Өйткені, қаржыны мемлекеттік бағдарлама аясында 4 пайыздық несиемен сатылатын көліктерге жұмсау көзделіп отыр.

Ербол Сейпилов, Қазақстан автокәсіпкерлік қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры:
2015-2020 жылдары мемлекет тарапынан 82 миллиард теңге бөлінген. Мысалыға жылына 7 мыңнан астам тапсырыс беріледі. Бірақ, бұл бөлінген ақшалар тек қана 2 мың өтінішті ғана қабылдауға өтініш болып тұр. Сондықтан, өте сұраныс көп, бұл проблемаларды шешу үшін өз тарапымыздан осындай ұсыныс бергенбіз.

Ал, экономистер бастамаға жан-жақты қарау керек,-дейді. Өйткені, көлік тұрғын үй емес. Яғни, оны басты қажеттілік немесе ұзақ жылғы инвестиция деп есептеуге болмайды. Ал, отандық көлік өндірушілерге мемлекеттен онсызда үлкен қолдау жасалып жатқанын айтты.

Мақсат Серәлі, экономист:
Қазіргі таңда отандық машиналарға өте сұраныс жоғары, сондықтан бұл компаниялар қандайда бір экономикалық қиыншылықта тұрған жоқ. Одан кейінгі өте үлкен қауіп төніп тұр, бұл жерде бағаның өсіп кетуі. Өздеріңізге белгілі осы тұрғын үй мәселесіне байланысты қолданған кезде тұрғын үй бағасы қазіргі таңда өскен болатын.

Осылайша, әр сала өкілдері түрлі пікірде.

Әзірге бұған қатысты жауапты мемлекеттік мекемелер үн қатқан жоқ. Себебі, автокәсіпкерлік қауымдастығы оларға әлі ресми ұсыныс жасамапты. Бірақ, алдағы уақытта қаржыға тек жаңа көлік сатып алу емес, осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламамен алынған көліктердің несиесін жабу мәселесі де қарастырылуы ықтимал.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу