Қостанайда автобус жүргізушілері жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда автобус жүргізушілері жетіспейді

17.02.2021

Қостанайда қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшы болуы жолаушыларға жайсыздық тудырып отыр. Қала бойынша 200 маман жетпейді. Автопарктерде ондаған автобус қаңтарылып тұр.

Бәрі бірдей кешікпегенімен қазір қаладағы кейбір бағыттағы автобустарды ұзақ күтуге тура келеді. Аяз бойыңды қарып, а лтын уақытты жоғалтасың. Ассықандар амалсыз такси қызметіне жүгінеді.

Хамит Молдажанов, қала тұрғыны:
Автобус кешігеді. Кейде жарты сағат, кейде 40 минут. Тоңамыз. Таксиге әркімнің жағдайы жоқ. Таксиден басқа тамағың бар, бала-шаға бар дегендей. Әрине, жетпейді.

Арман Шәймерденовтің қоғамдық қөлік жүргізудегі жалпы еңбек өтілі - сегіз жыл. Ал оның бір автобусты өзін ауыстыратын серіктессіз жалғыз тізгіндегеніне алты айдан асты. Мұндай жағдай адамды титықтатқанымен қоса, қауіпсіздік талабына да сай келмейді.

Арман Шәймерденов, автобус жүргізушісі:
Бұлай жұмыс істеу әрине ауыр. Бірақ тасымалдаушы өз міндетін атқаруы тиіс. Сондықтан мойынға артық жүктеме алмасқа амал жоқ. Алайда бұл уақытша қиындық деп ойлаймын.

Кадр тапшылығы карантиндік шектеулерден соң туындады. Қоғамдық көліктердің уақыты қысқарғасын, тұрақты табыстан қағылған жүргізушілер жаппай жұмыстан шыға бастаған. Енді бір парасы электронды төлем жүйесінің енгізілуіне наразылық білдіріп, міндетін орындаудан бас тартты. Әзірге компания басшыларының түйткілді шешу үшін жасаған қадамдары еш нәтиже бермей тұр.

Александр Брунер, тасымалдаушы фирманың директоры:
Ең кемі 200 мың теңге айлық төлеуге дайынбыз. Ұсынатын әлеуметтік пакетіміз де бар. Бір айдағы жұмыс кестесі 15 күн. Автобус паркі заман талабына сай жабдықталған.

Тағы бір себеп - облыс аумағында автобус жүргізуге құқық беретін Д санатындағы куәлігі бар жүргізушілер тапшы. Өйткені осы мамандықты игергісі келетіндер аз. Мәселені шешу үшін қала әкімдігі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізбек. Жұмыс берушілер сырт жерден келетін мамандар болса оларға барынша жағдай жасаймыз деп отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу