Заң нормалары анық әрі жатық болуы шарт - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заң нормалары анық әрі жатық болуы шарт - депутат

18.02.2021

Біздің заңнамалар тұрақсыз. Қабылданатын заңдардың жартысына түзетулер мен өзгерістер енгізу – соның көрінісі. Бүгін Сенатта нормашығармашылықты жетілдіру мәселелерін түсіндірген әділет министрі сынға ұшырады. Яғни, заң жобасын әзірлеушілер әлеуметтік бағыт пен оның тиімділігін елемейді. Тек құжатты рәсімдеу және формальды-құқықтық жағына мән береді. «Бұл құқықтық қателіктерге, сот дауларына соқтырады»,-дейді Қанатбек Сафинов. Былтыр Сенатта 110 заң жобасы қабылданса 18-і кері қайтарылған. 

Қанатбек Сафинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Өзгеріс енгізілмеген заң қалмады. Мен заң жобасында осы заңдардың көптігін және олардың тұрақты өзгерістерін тоқтатуға бағытталған тиімді тосқауыл таппадым. Алайда заңнамалық техникада мұндай құралдар мен әдістердің бары белгілі.

Дегенмен нормашығармашылықты жетілдіретін заң жобасы екінші оқылымда қабылданды. Бұдан былай мемлекеттік органдар заң нормаларын халыққа қарапайым тілмен түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ әр заң жобасы кеңінен талқыланып, түсіндіру жұмысы қатар жүргізіледі. Ғылыми құқықтық сараптамадан өтіп, мамандар пікірі де ескерілмек. 

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу