Ақтөбе ақ ұлпаға оранды. Кешелі бері боран соғып, республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Табиғаттың тосын мінезіне қаланың коммуналдық мекемелері толық дайын болмай шықты.
Бүгін таңертең Самара-Шымкенттас жолындағы қозғалыс жанданғанымен, түс мезгілінде ауа райы қайта бұзыла бастады. Сондықтан, полицейлер 50-100 көліктен жинап, барлығын бір мезгілде жіберіп жатыр. Өткен түнде құтқарушылар Байғанин ауданында жолда қалғандарға тез арада көмекке жеткен. Көмекке жүгінгендердің ішінде жүкті келіншек те болған.
Марғұлан Аманбаев, ТЖД басшысы:Түнгі боран кезінде Ақтау қаласынан келе жатқан бір «Газель» жүргізуші құтқарылды. Және Хромтау қаласында біздің құтқарушылар бір ауылды мекенге барып, жүкті әйелді құтқарып алып келе жатыр, және ол әйел босанып, қыз туды.
Ал, бұл қаланың ішіндегі жағдай. Орталық көшенің өзінде көлік қарға батып, қатынас қиындады. Ал, шеткері аумақтардағы тұрғындарға тіпті қиын соқты. Өйткені, коммуналдық мекемелер барлық көшелерді толық тазартып үлгерер емес. Таңертең қоғамдық көліктердің өзі уақытында жүре алмай, жұрт жұмысына кешікті.
Ғабит Сейітжанов, тұрғын:Кешелі бері жол жоқ. Әкімшіліктен еш көмек жоқ. Шыға алмай жатырмыз.
Нұрболат Алтынбаев, тұрғын:Ешқандай жол жоқ. Коммуналдық қызмет жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па, білмейміз.
Бүгін тіпті, көпқабатты үйлердің аулаларынан да көліктер шыға алмады. Ал, әкімдік өкілдері: «көшелерді бірнеше мәрте тазартқанымызбен, қайта қар алып қалып жатыр»,- дейді.
Жақсыбек Кемал, тілші:Қала көшелеріне 100-ден аса техника жұмылдырылып, жауапты мамандар күн-түндемей жұмыс істеп жатқанымен, қозғалыс қалпына келер емес. Ауа райының қолайсыздығы көлік қатынасына ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруына қиындық келтіруде. Мәселен, қазір біз келе жатқан орталық көшедегі жаяу жүргіншілер жолағы әлі қардан тазартылмаған.
Жақсыбек Кемал