Боранда көліктерге жүгіріп жүріп жол көрсеткен қостанайлық полицей ел алғысына бөленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боранда көліктерге жүгіріп жүріп жол көрсеткен қостанайлық полицей ел алғысына бөленді

19.02.2021

Ақтүтек боранда көліктерге жол көрсетіп, жаяу жүгірген қостанайлық полиция қызметкері көпшіліктің алғысына бөленді. Бұл оқиғаны жүргізушілердің бірі ұялы телефонға түсіріп желіге жүктеген.

Кейін оның патрульдік полиция лейтенанты Амантай Байжанов екені мәлім болды. Ол серіктесімен бірге қала сыртындағы жол апаты болған жерге барған. Қайтарда боран күшейіп, бағытты байқау мүмкін болмағандықтан оншақты көліктің алдына түсіп жүруге тура келді, дейді өзі. Осылайша екі шақырым жүгіріпті. Амантай Байжанов ішкі істер саласында 7 жылдан бері қызмет етіп келеді. Әйелі, бір баласы бар. Ол былтыр серіктесімен бірге 15 адамды өрттен құтқарып, марапатталған. 

Амантай Байжанов, қалалық полиция басқармасының полиция лейтенанты:
Менің кезекшілігім кеше таңғы сегізден кешкі сегізге дейін болды. Жаяу жол көрстепі колоннаны қалаға кіргізген соң да жұмысымызды жалғастырдық. Қала ішінде көлігі қарға батқан бірнеше көлік иесіне көмектестік. Қандай жағдайда да азаматтарды қорғау, көмектесу – біздің басты міндетіміз. 

Жалпы Қостанай облысында боранның салдарынан 31 жол апаты болды. Адамдар зардап шекпеген. Ал Ақмола облысында қолайсыз ауа-райының салдарынан 15 жол-көлік оқиғасы болып, 4 адам көз жұмды. Түрлі дене жарақатын алып, ауруханада ауыр халде жатқандар да бар. Павлодарлық құтқарушылар жүк көлігімен қар құрсауында қалған шетел азаматын ажалдан арашалап қалды. Ол Украинаның Чернигов қаласынан Семейге бара жатқан. 

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу