БЖЗҚ жинағын ЭКО жасату үшін пайдаланғысы келетіндер көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БЖЗҚ жинағын ЭКО жасату үшін пайдаланғысы келетіндер көп

19.02.2021

Ақпанның 25-нен бастап зейнетақы қорындағы қаражатты медициналық бағытта жұмсауға өтініштер қабылданады. Сондай-ақ, жинақ сомасын ЭКО жасату мақсатында пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшылары мәлімдеді. Болжам бойынша зейнетақы қорынан 60 мыңға тарта азамат ем-дом үшін қаражат алуы мүмкін. Сондай-ақ ЭКО жасатуға рұқсат сұраушылар қатары көбейген. Бұл мәселе бойынша денсаулық сақтау министрлігіне өтініш айтылды.
Гүлнар Сәрсембаева, медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:
Әлеуметтік желіде ЭКО-ны тізімге қосуды өтініп жатқандар көп. Біз бұл мәселені министрлікпен ақылдасамыз. Алдағы уақытта «Аңсаған сәби» жобасынан кейін де көпшілік тарапынан ЭКО-ға өтініш азаймаса, басқа шешім қабылдаймыз.
Сондай-ақ, балалардың емі үшін ақша алу мүмкіндігі болу керек дейді көпшілік. Ол қаражат ата-анасының есепшотына аударылуы тиіс деген пікірде. Жауапты орган бұл мәселені де қарастыратынын жеткізді. Ал туыс екендігін құжат жүзінде растап, жақын адамының еміне зейнетақы қорындағы ақшаны аударуға мүмкіндік қарастырылған.
Ләззат Ибрагимова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:
Сіз бірнеше адамнан ем үшін қаражат ала аласыз. Ол туысыңыз болу керек. Оны құжат жүзінде дәлелдейсіз және емге қажетті қаражат мөлшерін растау керек. Бірнеше рет ақша аударуға болмайды. Бұл процесс бір-ақ рет жүзеге асады.
Зейнетақы қорынан емге ақша алудың тағы бір талабы бар. Емделетін мекеменің міндетті түрде лицензиясы болуы шарт. Ол құжатты да банкке өткізу керек. Ал шетелдік медицина ұйымдарымен келіссөздер наурыз айында жүргізіле бастайды.
Жансұлтан Матаев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры:
Шетелдік компаниялармен жұмыс бойынша наурыз айының аяғында келісімшарт жасау бойынша келіссөздер жүргізіледі. Сол ұйымдармен келісімшарт жасалғаннан кейін барып, ақша аударылатын болады. Себебі өзіміздің отандастарымыздың валюта нарығындағы ауытқуларға байланысты валютадан ұтылып қалмауын қорғағымыз келіп отыр.
Зейнетақы жинағындағы қаражатты баспана алу үшін рәсімдегендердің 3,5 мыңы өз шешімдерін өзгертіп, ипотека жабуға жұмсаған. Ал 9 мыңнан аса отандасымыз алатын қаражат мөлшерін аяқ асты өзгерткен. Сондықтан медициналық бағытта да мұндай толықтырулар орын алуы мүмкін дейді «Отбасы банк» төрайымы. Ал ем бағасының пәтер бағасындай қымбаттап кетпеуін жауапты орган қадағаламақ.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу