Павлодар өңірінде жетімдер үйі 70 пайызға азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар өңірінде жетімдер үйі 70 пайызға азайған

22.02.2021

Павлодар өңірінде жетімдер үйі соңғы 30 жылда 70 пайызға қысқарды. Тисінше балалар үйінен жәутеңкөздерді асырап алғысы келетіндер күрт көбейді. Тіпті, өз кіндігінен тараған ұрпағы бола тұра, кісі баласын қорғаншылық қамқорлыққа алып жатқандар бар.

Шынайы қуаныш деген осы. Алдымен әкеден, былтыр аналарынан айырылған Иван, Максим, Мария және Карина бүгін отбасылық үлгідегі балалар үйімен хош айтысты. Ерлі-зайыпты Богдановтар бір үйден тараған балаларды бөліп-жармай бауырларына басты.

Сәуленай Жүнісова, отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиешісі:
Қуаныштымын, балалар үйге барады. Олардың өз үйі болады. Валера мен Наталья өте балажан. Сондықтан бақытты отбасы болады деп сенеміз.

Ал, Тереңкөлдегі балалар үйінде тұрған Миленаны осында тәрбиеші болып істейтін Александра Пахандрина туған қызындай көреді. Бір-бірін көзден таса қылғысы келмейтін екеу әбден бауыр басқаны сонша қазір бірге тұрып жатыр. Миленаны заңды түрде асырап алды.

Милена Козлитина, оқушы:
Алдымен мен сабағымды оқимын. Сосын еріктілер ұйымына барып қоғамдық жұмыстарға қатынасамын. Ал, бос уақытымды тек қана ата-анама көмектесуге арнаймын.

Теренкөлдегі балалар үйі жақында жабылды. Ауылдық жерде енді балалар үйі жоқ. Тәрбиеші болып істеген 50-ден аса қызметкердің бірде-бірі жұмыссыз қалдық-деп қабақ шытпаған екен.

Үміт Қабышева, балалар үйінің бұрынғы директоры:
Үйіміз босап қалды. Балалардың бәрі кетті. Соңғы 24 баланың 11-і студент болды. Бұл негізі жақсы. Біздерге жұмыс табылар. Балалар жетім болмасын-деп тілейміз.

Өңірде жәутең көздер азайды. Былтыр 70, ал биыл 1,5 айда 7 бала патронаттық тәрбиеге берілді.

Гүлмира Байғазинова, білім беру басқармасының бөлім басшысы:
Бүгінгі күні жетім балаларға арналған 8 үй бар. Осыдан 10 жыл бұрын олардың саны 19 болды. Қазір 326 бала тәрбиеленіп жатыр. Алдағы уақытта азая береді деп ойлаймыз.

Тағдырдан теперіш көрген бейкүнә балаларға жан жылуын сыйлаған ізгі ниетті жандар көбейіп келеді. Өңірде бала асырап алғысы келетіндерге арналған арнайы мектеп те бар. Қазір онда 116 адам оқып жатыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу