«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн шаршы метрден астам үй салуды тапсырды. Осылайша біз 1 млн жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз. Осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін тұрғын үй саясатына реформа жүргізіп жатырмыз. Мұнда тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, жеке құрылыс салушылардың инвестицияларын жалдамалы тұрғын үй салуға тарту үшін жаңа шаралар кешені көзделген.
Жаңа тәсілдерді тиімді іске асыру үшін тиісті заңнамалық түзетулерді тездетіп қабылдау керек. Индустрия министрлігіне 25 наурызға дейін тиісті заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырамын. Заңнамалық түзетулерді қабылдағаннан кейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына да тиісті өзгерістер енгізу қажет», - деді Үкімет басшысы.
Cондай-ақ Асқар Мамин өңірлерде құрылыс маусымын уақтылы бастаудың маңызы зор екенін еске салды.
Барлық өңірлердің әкімдіктері бөлінетін қаражатты биыл толық игеру қажеттігін айтты. Жер учаскелерін уақтылы бөлу және оларға қажетті инфрақұрылымды жеткізіп, тиісті жобалық құжаттаманың дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.