Қарағанды фармацевтикалық кешені «Спутник-V» вакцинасының 93 мың дозасын шығарды. Препараттың алғашқы партиясы енді өңірлерге жөнелтіле бастайды. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинаның өндірісін тексерді.
Жақын күндері Қазақстанның барлық өңіріне «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтіледі. Ал, наурыз айында фармацевтикалық кешенде 150 мың доза екпе өндіру жоспарланған. Сәуірден бастап бұл көрсеткіш 600 мың дозаға жетеді. Осылайша, халықты коронавирусқа қарсы вакцинамен қамту кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:90 мың дозасы шығарылып бастап жатыр. Осы жұманың аяғына шейін барлық облыстарға тиісті дозасы жеткізілетін болады. Сондықтан соның дайындығын біріншіден тексеруге келдік. Екіншіден қандай мәселелері бар, сұрақтары соған көмек беру үшін арнайы іс-сапармен келіп отырмыз.
Кәсіпорын ресейлік вакцинаны өзімізде шығару үшін алдымен тәжірибелік өндіріс жүргізді. Ал 24-і желтоқсаннан 21-і қаңтарға дейін шығарылған препараттар Гамалея атындағы ғылыми орталықта сапа бойынша сынақтан өтіп, осы ақпан айында тіркеуден өтті.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:Өте маңызды сәт. Алғашқы вакциналарды шығардық. Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын құрды, оның құрамына бейінді ведомстволарының басшылары және Қарағанды фармацевтикалық зауыттың мамандары кірді. Мәселелер күнделікті режимде талқыланды. Қысқа мерзімде технология трансферін, өндірісті жолға қою, қызметкерлерді оқыту сынды сұрақтарды шештік.
Фармацевтикалық кешен субстанциясын Ресейден алады. Жарамдылық мерзімі екі апта ғана. Осы аралықта елге жеткізіп, одан екі компанентті вакцина жасалады.
Ерхат Есқалиев, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы:Біз өндірілген вакцинаны өзіміздің қоймада сақтаймыз. Емдеу мекемелері қанша тапсырыс берді, сол мөлшерде ғана шақтап жөнелтіп отырамыз. Себебі көп көлемде қабылдауға барлық ауруханалардың қауқары жетпейді. Ал оны белгілі бір температурада ұстау керек, әйтпесе жарамсыз күйге түседі.
Айта кету керек, дайын вакцина кәсіпорын жанындағы және ресейлік ғылыми орталықтарда тексерілген соң ғана пайдалануға жөнелтіледі. Препараттар екпе кабиеттеріне жеткенге дейін барлық халықаралық санитарлық, фармакологиялық талаптар сақталады. Сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасары мен Денсаулық сақтау министрі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде салынған «Луч» оңалту орталығына да барды.
Руслан Нұрланұлы