Түркістан облысында бүйрегін ауыстырған тұрғындар дженерик препараттарды қабылдауға қарсы. Жиырмаға жуық науқас түпнұсқаға балама дәрілер ағзаға зиянын тигізеді, тіпті бүйрегіміз қайта істемей қалуы мүмкін деп алаңдайды. Өзекті мәселені шешуді талап еткендер қоғамдық денсаулық басқармасының алдына жиналды.
Келесі айдан бастап өңірдегі бүйрегін алмастырған үш жүзге тарта науқасқа дженерик дәрілер беріле бастайды. Дәрігерлерден осындай хабарламаны алған науқастар бұл препараттарды қабылдауға түбегейлі қарсы.
Сәрсенбек Сұлтанқұлов, 1- ші топтағы мүгедек:Біз бұл дәріні ішсек, ертеңгі күні салған бүйрегімізге асқыну береді . Басқа қалаларда ішкен адамдар бар екен, ол кісілер гемодиализ аппаратына түсіп қалып жатыр.
Басқарма алдына жиналған жұртты мамандар ішке кіргізіп, арыз шағымдарын тыңдады. Өмірі дәріге тәуелді науқастар күнделікті ішіп жүрген дәрімізді балама препараттарға алмастырып тәуекел ете аламаймыз дейді.
Жандар Әділханов, 1-ші топтағы мүгедек:Біз бұл дәріні бір күн ішпесек бұл бүйректен айырыламыз. Ол бүйректі біреу қарындасынан алды, біреу ағасынан алды. Ауыспасын ол дәрі, ауысса бүйректен айырыламыз.
Ал, сала мамандарының сөзінше, препараттарды сатып алуға тек «СК Фармация» компаниясы құқылы. Сондықтан бұл мәселе министрлік тарапынан шешілуі тиіс. Соған қарамастан басқарма басшылығы бірнеше рет хат жолдаған. Бірақ әлі күнге жауап келмепті. Ал мамандар науқастардың дәрілердің түпнұсқасын талап етуі дұрыс деп санайды.
Ләйлә Бегайдарова, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бөлім басшысы:Біздің штаттан тыс маманнан хат алдырғанбыз. Ол маманның айтуы бойынша науқастардың үйреніп қалған сол дәрілік затын ішу керек.
Науқастар зәру болып отырған «Сандиммун Неорал» мен «Селсефт» сынды препараттар дәріханаларда бар. Бірақ бағасы қымбат, елу мың теңгеден асады. Бүйрек ауыстырып, онсыз да өлместің күйін кешіп жүрген жандар ай сайын алатын жәрдемақымыз оған жетпейді деп налиды.
Айнұр Ақбаева