Алматы облысындағы тау көшкіні әлі тоқтаған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы тау көшкіні әлі тоқтаған жоқ

23.04.2018

Алматы облысындағы елді алаңдатқан тау көшкінінің себебін ғалымдар зерттеуге кірісті. Қазір сол маңда арнайы құрылған штабта мамандар қызу жұмыс істеп жатыр. Ал, соңғы мәліметке сүйенсек, сырғыма еңіске түсіп, Көлсай өзеніне қарай жылжып келеді. Бірақ, оның қозғалысы сағатына 40 сантиметрге дейін төмендеген. Бұған дейін сағатына 4 метрге жылжыған.

Бір апта бұрын болған жер сілкінісінің салдарынан Малабек шоқысы ортасынан айырылып, сырғыма еңіске қарай сырғыған. Жалпы, құм-тастар 1700 метр төмен қарай сырғып, мына жақта көлге қарай сырғып Көлсай өзеніне 70 метр жерге келіп тоқтады. Мамандардың айтуы бойынша ешқандай қауіп жоқ.

Жоталардың тоқтаусыз жылжи бастаған сәтін сол маңда жүрген бақташы байқапты. Әуелі өз көзіне өзі сенбеген ол абдырап қалғандығын жасырмады. Милат Сағадатұлы дер кезінде жағдайды ауыл әкіміне жеткізіп үлгерген. Ең ауыры, таудың тура етегінде тұрған оның қора-қопсысын сол күні көшкін жайпап кеткен.

Мамандардың пікірінше, бұл Қазақстан тауларында болған ең ірі көшкін. Сырғыған тау алғашында сағатына 4 метрге жылжыған. Артынша екпіні бәсеңдеп, 1 метр болған. «Қазселденқорғау» мекемесінің инженерлері «етекке жиналған топырақ-үйіндісінің аумағы 50 млн.шаршы метрден асып жығылады», - дейді.

Көшкіннің салдарынан көрікті мекен Көлсайға баратын жолдың 400 метрі жабылды. Жол жиегіндегі 4 электр бағанасы топырақ астында қалды. Ал, қазір жылжыған тау массасының алды өзенге жетті. Егер ол толық өзенді бітеп тастаса, қолда бар техниканың күшімен әуелі судың тоқтаусыз ағуына жағдай жасалмақ. Көлсайға баратын қосымша жол салу мәселесі де қарастырылады. Үйінді астында қалған тас жол да қалпына келтіріледі. Ал, апат орнына келген облыс әкімі Амандық Баталов жағдай тұрақталған соң тазалау жұмыстарына шұғыл кірісу қажеттігін айтты.

Амандық Баталов, облыс әкімі:

- Көлсайға барар жолды бәрібір қалпына келтіру керек. Тіптен мүмкін болмаса, жер қыртысының геологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, айналма жол салу қажет. Сіздер бұл мәселені мұқият зерттеңіздер. Көлсай көлдеріндегі демалыс орындарын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолға алынсын. Өзен арнасы толығымен жабылып қалғанның өзінде тауда орналасқан көлдердің суын сарқу әдісі негізінде судың жиылуына жол бермеу керекпіз.

Әзірге тау көшкіні қаупінің нақты қашан сейілетіндігін ешкім дөп басып айта алмай отыр. Ал, әлеуметтік желіде тараған «апаттың кесірінен бүтін бір ауыл қатынассыз қалыпты» деген алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Көшкен тауға ең жақын Саты мен Құрметі елді мекеніндегі жұртқа ешқандай әсері жоқ. Қазір сырғыманың айналасына күзет қойылып, құтқарушылар жағдайды көктен де, жерден де бақылауға алды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, ғалымдар зерттеу-талдау ісіне кірісіп кетті.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу