Арқада ақпанның ақ бораны күшіне мініп, күн күрт суытты. Өткен түні елордада аяздың сезілуі -50 градусқа жетті. Ал, Нұр-Сұлтаннан бір ай бұрын көктеммен қауышатын Алматыда 50 сантиметр қар түсіп, қыс жаңа келгендей болды. Салдарынан тұрғындар мен көлік қозғалысы қиындап, жолда кептеліс пайда болды.
Ғабит Бөкенбай, тілші:
Бүгін Елордада осы қыстағы ең суық түндердің бірі болды. Синоптиктер таратқан мәліметке қарасақ, анау айтарлықтай аяз жоқ секілді. -25 градустың маңайында. Алайда, ұйытқый соққан жел аязды екі еселеп жіберді.
Қолданушылардың әлеуметтік желіде бөліскен мәліметтеріне сенсек, таңғы сағат 7-де Нұр-Сұлтан қаласындағы аяз -50 градус деп сезілген. Соған қарамастан қаладағы тіршілік тоқтаған емес. Үйінен жұмысқа, жұмыстан үйіне асыққан жұрт.
Ал, Алматыны қалың қар басты. Нөсер жауынның соңы қарға ұласып, күн райы күрт суытты. Қалада 20-30 см, ал тау бөктерінде 50 см-ге дейін қар түсті. Қалың қар коммуналдық қызмет мамандарымен қоса тұрғындарды да біраз әбігерге салды. Бірінші кезекте тротуар, жаяу жүргіншілер аймағы, қоғамдық көлік аялдамалары тазартылды.
Ерлан Қожағапанов, қала әкімінің орынбасары:
Биыл алғаш рет қаламызда қалыптан тыс қар түсіп отыр. Қаланың бүкіл коммуналдық қызметтері жолда. 700-ден астам техника, 2 мыңнан астам жұмысшы.
Ғабит Бөкенбай, тілші:
Дәл қазір секундына 35 метр жылдамдықпен жел соғып тұр. Ауа температурасы -22 градус көрсетіп тұрғанымен, аяздың сезілуі -35 градус. Алдағы түнде жел екпіні бәсеңсігенмен, ауа темпуратурасы 32-33 градусқа дейін төмендемек.
Ғабит Бөкенбай, Жазира Оразқызы