Бүгін зейнетақы қорындағы қаржыны емделу мақсатында қолдануға өтінім беру басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін зейнетақы қорындағы қаржыны емделу мақсатында қолдануға өтінім беру басталды

25.02.2021

Бүгін зейнетақы қорындағы қаржыны емделу мақсатында қолдануға өтінім беру басталды. Ол үшін тұрғындарға «enpf - otbasykz» сайты көмекке келеді. Тізімге тегін медициналық кепілдендірілген көмек пен сақтандыру қоры арқылы емдейтін қызмет түрлері кірмейді. Қор қаражаты арқылы сирек кездесетін, күрделі емді қажет ететін онкологиялық аурулар, туа бітті тері ақауларын түзету және көз бен тісті емдетуге болады.

Жинақты пайдаланушы алдымен, сайтқа кіріп, қордағы қаражаттың қолжетімділігі туралы ақпарат алуы тиіс. Одан соң тіркелген емханада учаскелік маманға қаралып, дәрігерлерден құрылған арнайы комиссияның қорытындысын алуы шарт. Бұл мәселе 5 күн қаралады. Бұдан әрі, емделетін мекемені таңдайсыз. Стоматологиядан басқа қызметті шетелде де алуға болады.

Медициналық мекемемен келісімшарт жасасу керек. Барлық құжаттардың сканерленген нұсқасын «Отбасы» банкіндегі жеке кабинетіңізге енгізіп, өтінім жасайсыз. Құзырлы оператор құжатты қабылдаған күннен бастап, 5 күн ішінде қаражатты медициналық мекеменің есепшотына аударады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу