Бүгін Алматы іргесінде медицина мамандары мінген АН-2 ұшағы діттеген жеріне жете алмай, жерге қайта қонуға мәжбүр болды. Апаттың себеп-салдары белгісіз. Қазір арнайы мамандар тергеуді бастады. Ал ұшақта болған жолаушыларға еш зақым келмеген.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:Боралдай кентінен түскі сағат 12.30 шамасында ұшып шыққан санитарлық авиация ұшағы Алматы облысы Кеген елді мекеніне бет алған. Алайда көкке көтерілген бойда ақау белгілері байқалған соң ұшқыштар кері қайтуға әрекеттенген. Дегенмен ұшақ әуежайға жетіп үлгермеген. Осылайша ұшу-қону жолағынан 1,5 шақырым жерге, әуежай қоршауынан шамамен 30 метр қашықтықтағы сайға қонуға мәжбүр болған. Авиация ұшағында 2 экипаж мүшесі және 3 медицина қызметкері болған. Абырой болғанда, қаза тапқандар, зардап шеккендер жоқ. Барлығы дін аман. «Азия Континенталь» әуе компаниясына тиесілі ұшаққа да айтарлықтай зақым келмеген. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру басқармасының мамандары тергеу жүргізіп жатыр. Әзірге қозғалтқышынан ақау шығуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ апаттың нақты неден болғаны белгісіз.
Нұрхан Нұрланұлы