Алғыс айту күніне орай Ұлттық арна қайырымдылық телемарафонын ұйымдастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғыс айту күніне орай Ұлттық арна қайырымдылық телемарафонын ұйымдастырды

01.03.2021

«Мың алғыс» қайырымдылық телемарафонынан 12 млн теңгеден астам қаржы түсті. Бұл 4 тікелей эфирдің арқасында жиналған ақша. Таңнан бері Ұлттық арна мен Қазақ радиосы мұқтаж адамдар мен жомарт жандар арасына алтын көпір орнатып, кембағал жандарға көмек көрсетіп жатыр.

Балнұр 12 жаста. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сүйектері әлсіз. Ол әр қимылына сақ. Тіпті түшкіруден де қорқады.

Балнұрдың бауыры Нұрислам да сырқат. Екеуінің диогнозы бірдей. «Остеогенез» немесе ел арасында «хрусталь» деп аталады. Ресейлік мамандар 4 ай бұрын олардың оң аяғына операция жасаған. Енді сол аяқтарын емдету керек. Операция құны 9 млн теңге. Алайда, қаражат қол байлау. Бауырлардың арманы асқақ.

Ал 3 жастағы Ләйлә Түркияда ем алып жатыр. Кеселі - лейкоз. Яғни, ақ қан ауруы. Екі рет күрделі операцияны өткерген. Маңызды емі – алда. Ендігі тағдыры – көптің көмегіне байлаулы. 15 млн теңге керек. Қызылордалық Зарина Ниязбек те нағыз күрескер. Оның тобығы табанына біткен. Бел омыртқасында да ақау бар. Бірақ, қаршадай қыз қаймыққан емес, құлан-таза айығып кетеріне сенеді.

Ал журналист Бағдат Мұхтарұлы созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан. Біразға дейін дендеген дерті туралы ешкімге тіс жармаған. Амалы таусылған ол қолдауға мұқтаж. Еміне қажет 30 млн теңгенің жартысынан астамын өзі жинаған. Енді 12 млн теңге  жетпей тұр. Бәрінің де үміті мен күдігі арпалыста. Ал «Мың алғыс» шарасы - оларға сәуле іспетті. Ұлттық арна жыл сайын ұйытқы болып келеді. Бүгінгі шапағатты шара аясында 12 млн теңгеге жуық қаржы жиналды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу