2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 560 мың теңгеге жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 560 мың теңгеге жетеді

01.03.2021

2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың 2023 жылы 561 мың теңгеге жетеді. Орта медицина мамандарының да айлығы көтеріледі. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында осы салаға қатысты бірқатар жоспарлар пысықталды.

Пандемиядағы қауіпке қарамастан, халықты емдеп, жұдырықтай жұмылған мамандарды әлеуметтік тұрғыда қолдаудың маңызы зор. Бұл мақсатта осы уақытқа дейін үш тәуекел тобына 116 млрд теңге жұмсалды. Қызмет бабында індеттің ілмегіне іліккен 9000 қызметкерге әлеуметтік төлем төленді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары:
Баршаңызды 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бекітілген 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бүгінгі жиынның Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келуі тегін емес. Пандемия әсерінен өткен жыл денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес қабылданған шаралар денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін елеулі түрде арттырды.

Енді екі жылдан соң дәрігерлердің жалақысы жарты млн-нан асады. Ол үшін алдағы үш жылдың бюджеті де бекіп қойыды. Ауылға баратын жас мамандарға да қаржылай қолдау көрсетіледі.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған жас мамандарға берілетін көтермелеу жәрдемақы мөлшері 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Өткен жылы жалпы медицина мамандарының жалақысы 20-30 пайызға көтерілді. Кезең-кезеңімен жалақыны өсіру жұмыстары жалғасады.

Медицина мамандығын оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға артады, білім беру гранттары 40 пайызға ұлғаяды. Бұл елдегі маман тапшылығы мәселесін шешуге сеп болмақ. Сондай-ақ министрлік денсаулықты жақсартуға бағытталған екі ұлттық жобаны ұсынып отыр.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Оның бірі денсаулықты жақсартуға бағытталса, екіншісі фармацевтикалық өнеркәсіпті жақсартудың ұлттық жобасы. Бағдарлама 1 маусымға дейін пысықталып, 1 шілдеге дейін – Мемлекет басшысы ұлттық жобаларды қабылдайды деп жоспарланған.

Денсаулық саласындағы бірқатар проблемалар әлі де өзекті. Білікті кадр мен қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Өңірлерде ана мен сәби өлімі азаймай отыр. Медициналық нысандардың 58 пайызы ескірген.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
2025 жылға қарай елімізде 50 жаңа аурухана салынады. Бұл ескі ғимараттар санын шамамен 14 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл биологиялық қауіпсіздік туралы заң әзірленбек. Бұл пандемияға байланысты замануи қорғану құралдарын ойлап табудың мүмкіндігі болмақ.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу