Өңірлерде педагогтар мен полиция өкілдері вакцина салдыртып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде педагогтар мен полиция өкілдері вакцина салдыртып жатыр

02.03.2021

Полиция мен мұғалімдерге де кезек келді. Еліміздің бірқатар өңірлерінде осы қос мамандықтың иелеріне коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салынып жатыр. Ақмола облысында бүгін 40 адамға екпе жасалды.

Полиция сапында қызмет ететін Данияр Аманжолов күнделікті жұмысында көп адамдармен байланыста болады. Сондықтан өз еркімен екпе жасатуды жөн көріпті. Қазір Ақмола облысы бойынша 4 полиция қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырып, ем қабылдауда. Ал барлығы 380-нен астам қызметкер ауырып шыққан.

Данияр Аманжолов, Ақмола облыстық полиция департаментінің взвод командирі:
Жаңа вакцина алып шықтым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Қандай да бір кері әсерлері болған жоқ. Халықпен көп қызмет жасағаннан кейін вакцина алу дұрыс деп есептеймін.

Ақмола облысына әзірге 80 доза ғана әкелінген. Ал Қостанай өңіріне 4500 доза вакцина жеткізілді. Бүгін вирусқа қарсы екпе полицейлер мен педагогтарға салынып жатыр. Олардың қатарында облыстық білім басқармасының басшысы да бар.

Павлодар облысында да ұстаздар қауымы вирусқа қарсы егіле бастады. Өңірде10 мыңнан аса педагог бар. Әзірге 4 мыңнан астам доза жеткізілген. Вакцина қабылдауға 2000- ға тарта ұстаз ерікті түрде өтініш беріпті.

Дінислам Болатханұлы, облыстық білім беру басқармасының басшысы:
Бас айналу, өзімді бір әлсіз сезіну сияқты қандай да бір белгілер байқап отырған жоқпын.

Ал Ақтауда бүгін 11 ұстазға екпе салынды. Коронавирусқа қарсы вакцинациялау облыс бойынша 23 егу бөлмесінде жүргізіліп жатыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу