Елімізде өрт оқиғалары мен газ баллондарының жарылуы жиілеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде өрт оқиғалары мен газ баллондарының жарылуы жиілеп барады

02.03.2021

Салдары жантүршігерлік. Мәселен, өткен жылы тілсіз жаудан 389 адам көз жұмды. Жыл басталмай жатып тұрғын үйлерде 28 газ баллоны жарылып, 4 адам қайтыс болды. Тиісті ведомство өкілдері болса, тұрғындар қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауда салғырттық танытып отыр дейді.

Людмила Чудеса көмірқышқыл газын анықтайтын дабыл құрылғысын үйіне 2 жыл бұрын орнатқан. Қазір пайдасын көріп отыр. Еш алаңсыз пеш жағып, үй шаруасымен айналысады.

Людмила Чудеса, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Осыдан 1 жарым жыл бұрын болған оқиғаны айтайын. Үйде балалар жалғыз болатын. Көмір әсерінен пештен түтін шығыпты. Сол кезде дабыл белгі берген. Балаларым тез арада есік-терезелерді ашып, бөлмелерді желдеткен.

Қазір елімізде 118 мыңнан астам қондырғы, оның ішінде мыңға жуығы бас қаладағы жер үйлерге орнатылған. Дегенмен, тұрғындар оларды пайдалану барысында тым салғырт.

Құмар Рымбеков, БАйқоңыр ауданы ТЖБ инженері:
Біз кеткеннен кейін батареяларын сөндіріп тастау фактілері анықталған болатын, немесе өшіріп тастайды. Дабыл қондырғыларының пайдасы зор екенін халық түсінбейді.

Төтеншеліктер қондырғыларды әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін орнатып береді. Аппарат пештен шыққан уытты заттардың қоспасы мөлшерден асса, іске қосылып, дыбыстық белгі береді. Оны әркім сатып алып, өздігінен орнатуға да болады.

Дарын Сағитов, тілші:
Құрылғына орнату қиын емес. Құрылысы да қарапайым. Ғаламтордан немесе сауда үйлерінен сатып алуға болады. Ең қапайым құрылғының бағасы 3 жарым, 4 мың теңге.

Елімізде былтыр 14 мыңға жуық өрт тіркеліп, тілсіз жаудан қайтыс болғандар саны 19 пайызға артқан. Соның ішінде түрлі нысандарда 90 газ баллоны жарылып, 30 адам мерт болған. Тұрғын үйлердегі 60 жарылыстан 15 адам көз жұмды.

Жауапты ведомство тиісті рейд шараларын кешенді жүргіземіз деп отыр. Бірақ олар үй үйді аралап, пеш пен газ қондырғыларын пайдалану бойынша кеңес берумен ғана шектелуге мәжбүр.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Жекеменшік нысандарды ведомство бақылауға алмайды. Қызметкерлер рейд шараларында тұрғындарға газ қондырғылары мен жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде бағыт-бағдар немес кеңес беруге ғана құқылы. Үй иесіне ешқандай айыппұл сала алмайды.

Министр қарапайым қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, мамандар кеңесіне құлақ асқан жөн, - дейді. Мәселен, осыған дейін тексерілген 2 млн-ға жуық үйлерден жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде 660 мыңнан астам ереже бұзушылық анықталған.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу