Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар әр балаға 4,2 млн теңге көлемінде ана капиталын енгізуді ұсынды.
Депутат Ерлан Смайыловтың айтуынша, Қазақстандағы балалардың 15,6 пайызы табысы төмен отбасында тұрады. 15 пайыз - ол 1 миллион бала. Басым бөлігі - көпбалалы отбасының мүшелері. Статистикаға сүйенсек, біздің елде 340 мыңнан астам көпбалалы, 500 мың толық емес отбасы бар. Сонымен қатар 1-3 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар мен әкелердің де жағдайы мәз емес, олар әлеуметтік қолдауға мұқтаждар санатына жатпайды.
«Мемлекет бір нәрсені анық түсінуі керек: бүгінгі кедей балалар – ертеңгі кедей мемлекет», - деді ол.
Депутат Үкіметке әр бала үшін 4,2 миллион теңге көлемінде мемлекеттік төлем түрінде ана капиталын енгізуді ұсынды. Айтуынша, бұл қаражатты баспана алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың біліміне және ананың зейнетақы жинақтарына жұмсауға болады.