Ақтауда машина жасау зауытының 200-ден астам жұмысшысы былтыр қарашадан бері жалақы алмаған. Қарызға батып, әбден тығырыққа тірелген олар, бүгін адал еңбектің ақысын талап етті. Ал, кәсіпорын басшысы компания құрдымға кетудің сәл ақ алдында тұрғанын айтады.
Жұмысшылардың шыдамы шегіне жеткен. Басты талаптары - жалақы. Олар 4 айдан бері көк тиын да алмаған. Оған қоса, 1 жарым жылдан бері жұмысшылардың зейнетақы жарнасы аударылмапты. Бірақ, жалақыдан ұсталған.
Жанар Көкшеева, жұмысшы:Жалақымызды ала алмай отырмыз. Біз ақшаны көбейтіңіз деп жатқанымыз жоқ.
Жалпы кәсіпорында мұнай қондырғылары құрастырылады. Зауыт директорының айтуынша, пандемия басталғанда кәсіпорынның жұмысы 2 айға тоқтаған. Салдарынан келісімшарттар бұзылып, компанияға айыппұл салынған.
Амангелді Тыншимов, Ақтау машина жасау зауытының директоры:Заводты жаба салу оңай. Бірақ осынша жұмысшы, жүздеген отбасы, бала-шағасы тұрғанда қолды бір сілтей алмаймыз. Мерзімі өткен несие, айыппұлдар жүріп жатыр. Сонда да жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жаңа тапсырыстар іздеп, келісімге келіп жатырмыз.
Келесі аптада кәсіпорынға қаржы түсуі тиіс. Зауыт басшысы алдымен, осы жұмысшылардың жалақысын беруге уәде етті.
Аягөз Оралбайқызы