Коллекторлық ұйымдардың заңсыз әрекетіне тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коллекторлық ұйымдардың заңсыз әрекетіне тыйым салынады

03.03.2021

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау күшейтіледі. Оның ішінде коллекторларға қатысты талап қатаңдап жатыр. Бұдан былай борышкерлерден ақша өндіру барысы бейнеге түсірілуі тиіс.  

Қазір қоғамда коллектор – қоқан-лоқы көрсетуші адам сипатында. Қаржы ұйымдарына қарызы барлар солай таниды. 

Астаналық Ардақтың да мазасын алған. Жалғызбасты ана банктен 180 мың теңгеге тауарлық несие рәсімдеген. Бірақ, берешегін коллекторлар жауып тастап, әйелден өтемін сұрапты. 

Ардақ Бекбенбетова, қала тұрғыны:
Нұр банкке бардым төлейін деп, барсам сіз бізге қарыз емессіз дейді. 

Сес көрсетуінен бөлек түлкідей қу. Қулықтарына құрық бойламайды. Сондықтан борышкерлерді сақтандыратын заң жобасы бүгін екінші оқылымда Мәжілісте мақұлданды. Онда коллекторлық ұйымдардың жөн-жосықсыз әрекетін тежейтін нормалар бар. Бөтен телефон нөмірінен хабарласуға тыйым салынған. Борышкерлермен байланыс кезінде бейне-аудио жүргізуге міндеттеледі. Сондай-ақ олардың үшінші тұлға арқылы қызмет етуі шектеледі. 

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заң жобасында коллекторлық агенттіктерге жарғылық капиталының ең төмен мөлшері белгіленеді. Оны уәкілетті орган, яғни қаржы нарығын ретттеу және дамыту агенттігі нормативтік құқықтық акті негізінде бекітеді. Демек кез келген ұйым коллекторлық қызметпен айналыса алмайды. Талап күшейеді.  

Былтыр коллекторлардың үлкен былығы ашылды. Жеке сот орындаушылармен сыбайласып борышкерлерден заңсыз ақша өндірген. Оған 300 мың теңге сыйақы алып отырған. Бірақ, бәрі қолға түсіп, жеке сот орындаушылардың 17-сі жұмыстан қуылса, 40-қы күдікке ілінді. Бұдан кейін 172 коллекторлық ұйымның жұмысы тексеріле бастады.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу