Көкшетауда 5-қабаттан құлаған құрылысшы мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда 5-қабаттан құлаған құрылысшы мерт болды

24.07.2018

Көкшетауда 58 жастағы құрылысшы 5-ші қабаттан құлап, қайтыс болды. Қайғылы жағдай қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан тұрғын үй аумағында болған. Алдын ала тексеру нәтижелері бойынша жұмыс беруші, яғни, мердігер компания еңбек қауіпсіздігін сақтамаған.

Қайғылы оқиға болған құрылыс нысаны осы. Бұл жердегі жұмыстар сот шешімімен 28 маусымда тоқтатылған. Оған құрылыс компаниясының талаптарды дұрыс орындамауы себеп. Алайда, мердігер ол шешімге құлақ аспастан құрылысты жалғастыра берген. Нәтижесі қайғыға әкеліп соқты.

Құрылыс компаниясымен жұмысшылардың ешбірінде еңбекшарты жоқ болып шықты. Қазір тергеу басталған. Тексеру барысында мердігер компанияның Астанада тіркелген «Самға-3» серіктестігі екендігі анықталды. Олар тиісті мекемелермен әлі де байланысқа шықпапты.  

Мұратбек Жүсіпов, облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма инспекторы:

- Келісімшарт жасалмаған. Жұмыс істеп жатқан жерде қауіпсіздік техникасы сақталмаған. Каскалары, арнайы киімдері жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, демалыс күндері Ақмола облысындағы «Алтынтау-Көкшетау» компаниясында да оқыс оқиға тіркелді. Салдарынан он күн бұрын ғана үйленген 25 жастағы жұмысшы екі аяғынан бірдей айырылып қалды.

Қанат Дүйсеханов, «Алтынтау-Көкшетау» АҚ атқарушы директоры:

- Қазір Мадиярдың жағдайы ауыр. Жұмыс беруші, яғни, «Алтынтау-Көкшетау» компаниясы барлық шығындарды өтейді. Қажет болған жағдайда, пәтер алып беруді де қарастырамыз. Қазір протез алу мәселесін қарастырып, іздеп жатырмыз. Заңмен қарастырылған барлық талаптарды орындаймыз және онымен шектеліп қалмайтынымызды жеткіземін.

Бұл кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі қаншалықты сақталғандығын арнайы комиссия шешеді.

Мирас Ғазизов, Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бас маманы:

- Тергеу тағайындалды. Ол болған оқиғаға сараптама жасалады. Барлығы Азаматтық қорғаныс заңына және Еңбек Кодексіне сай жүргізіледі. Комиссияның шешімі Еңбек инспекциясына және ішкі істер органдарына жолданады. 

Осылайша, Ақмола облысында айналдырған үш күннің ішінде 2 оқыс оқиға тіркелді. Жауаптылар жазаланғанымен, өкінішке қарай, көз жұмған құрылысшының өмірі мен мүгедек болып қалған экскаватор жүргізушісінің денсаулығын қайтару мүмкін емес.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу