Диагностикалауға бөлінген қаражат толық игерілмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Диагностикалауға бөлінген қаражат толық игерілмеген

03.03.2021

Өткен жылы ерте диагностикалауға бөлінген 11,3 млрд теңге толық игерілмеді. Жуырда Мәжіліс депутаты Денсаулық сақтау министрлігіне осындай сауал жолдап, бірқатар мәселеге тоқталды. 2020 жылдың өзінде онкологиялық ауруды кеш анықтаудың салдарынан 14150 адам қайтыс болған. Мемлекет басшысының өзі өткен жылғы Жолдауда ерте диагностикалауды жүйелеуді тапсырған еді. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:  
Біздің елдегі талапқа сәйкес, 30 бен 70 жас аралығындағы тұрғындар 6 түрлі тексеруден өту тиіс. Ол қан қысымы, көз, қант диабеті омырау мен жатыр обыры және тік ішек пен тоқ ішек тексеріледі. Мұның қатарындағы жатыр мойны обырын ғана 4 жылда бір рет диагностикалауға болады. Қалғанын әр азамат 2 жыл сайын тексертіп отырғаны жөн. 

Бақыт Нұрмағамбетова денсаулығын жиі тексертеді. Скринингті де уақтылы өтеді. Бүгінде жасы алпыстан асқан қария анализдерінің нәтижесін көріп қуанып отыр. 

Скринингті әр емхана жыл сайын жоспарлап, тұрғындар кезең-кезеңімен тексеруден өтуі тиіс. Медицина мамандары азаматтарға телефон арқылы хабарлап немесе үйіне барып тексеруден өтетін жеткізуге міндетті. Десе де скринингті елемейтіндер де, ақпараттанбағандар да аз емес.  

Жуырда Мәжіліс депутаты осы ерте диагностикалаудың жүйеленбегеніне шүйлікті. Лариса Павловнаның сөзінше бюджеттен қыруар қаражат бөлінгенімен, халықтың игілігіне жарап жатқан жоқ. Әсіресе, Ақмола, Шығыс және Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Түркістан облыстарында көрсеткіш төмен.

Лариса Павловец, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  
Ерте дигностикалаудың жүйеленбеуінен ауруды уақтылы анықтау мүмкін болмай отыр. Мәселен, 2020 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 11,3 млрд теңгенің 70 пайызы ғана игерілген. Меніңше бұған себеп халық дұрыс ақпараттанбай отыр. Емханананың қауқары жете ме жоқ па ашық айтылмайды, Құзырлы мекемелер скринининг жүргізуге тиісті жағдай жасамай отыр. 

2019 жылы халықтың 98 пайызы тексеруден өтсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға кеміген. Министрлік маман тапшылығы, қажетті техникалық құралдардың жетіспеуін жоққа шығармайды. Ал қаражаттың тиімді игерілмеуіне мына жайттар себеп.  

Гүлзира Тәжібаева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы:  
Қаражат республикалық бюджетке қайтарылды. Игерілмеудің себебі пандемия және енгізілген карантиндік шаралар. 

Бұл сұрақты елордадағы емхана мамандарына да қойып көрдік. Олар тиісті шектеулер болғанымен, жұмыс жоспары ойдағыдай орындалды деп отыр.  

Әлия Әбенова, №2 емхананың бөлім меңгерушісі:  
Карантин уақыты аяқталған соң әр сенбіде жұмыс істеп отырдық. Скрининг кабинетінің мамандары жұмыс істеді. Соның арқасында жоспарлаған кісілерді өткізіп үлгердік. 

Адамдар денсаулыққа енжар қарайды. Ескертуді елеусіз қалдырады. Жұмысбастылыққа салынғандар да жоқ емес. Бұдан бөлек, мекен-жайды ауыстыру да мамандар жұмысына кедергі келтіріп отыр. Ерте диагностикалау – қатерлі аурудың алдын алудың кепілі. Соның нәтижесінде өткен жылы 284 мың адамның ауруын ерте анықтау мүмкін болды.  

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу