Қалың қар ақтөбеліктерді әуреге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалың қар ақтөбеліктерді әуреге салды

04.03.2021

Ақтөбеліктерді кешелі бері қолайсыз ауа райы әуреге салды. Боран мен қалың қардан қозғалыс қиындап, тұрғындар таңертең жұмыстарына әзер жетті. Қала қар құрсауында қалса да, тазалыққа жауапты мекемелердің кейбірі әлі күнге дейін іске кірісе алмай отыр. Себебі, қар тазарту жұмыстарына арналған тендер енді ғана өткізіліпті.  

Бүгін таңереңнен бастап қаланың шетінде тұратындар жұмысына уақытылы жете алмады. Өйткені қалың түскен қар жолдарды жауып тастап, көліктері қарға батты. Әсіресе, балалардың мектеп пен балабақшаға баруы үлкен проблемаға айналды. 

Қыдырбай Рақбаев, қала тұрғыны:
Қар тазартылмай, машина батып жатыр. Оқушылар мектептен қарға батып келіп жатыр.
Қыдырғали Дүйсенғалиев, қала тұрғыны: 
Мына араға машинаның бәрін қойып кетеді.Кейде осы жерге де қойып кетеді. Сосын таңертең келіп алып кетеді. Ары қарай қар аршымайды.

Қаланың коммуналдық мекемелері барлық көшелерді қамтып үлгермей жатыр. Тіпті, осыдан он күн бұрынғы боранда түскен қардың өзі тау-тау болып үйіліп тұр. 

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл қаланың ортасындағы аудандардың бірі. Өздеріңіз байқап тұрғандай, мұндағы үйілген қар көшелердің жартысын жауып тұр. Әрі-бері жүрген көліктерге ғана емес, жаяу адамдарға да үлкен кедергі.

Ал, жауапты мекеме өкілдері қаланы қардан тазартуға барымызды салып жатырмыз дейді. Қазір 100-ден аса техника екі ауысыммен жұмыс істеуде. Бұған дейін жұмысына салғырт қараған компанияларға 4 млн теңгеден астам айыппұл салынған еді. Бірақ, нәтиже көрінбейді. Ең қызығы, қарды тазарту жұмыстарына арналған тендер енді ғана өткен. 

Руслан Есмұханов, қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:
Бір тазартқан жерді екінші қайтара өтуде.Сол себептен техникалар үлгермей жатыр. Тендер ойнатылып болды, енді алдағы екі-үш күндікте келісімшарт мердігер мекемелерге берілетін болады. Қазіргі таңда жартысына берілді.

Бүгінге дейін қала сыртындағы полигондарға 200 мың текше метр қар шығарылған. Дегенмен, шаһардың шеткері аумақтарына әлі техника барған жоқ. Сондықтан тұрғындар ауа райы күрт жылынса, суға кетеміз бе деп қауіптенеді. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу