Құқық қорғау сапындағы арулар: Әсима Барлыбекова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құқық қорғау сапындағы арулар: Әсима Барлыбекова

05.03.2021

Елімізде құқық қорғау органдарында ерлермен қатар арулар да қызмет етуде. Тіпті қиын әрі қауіпті мамандық - криминалистика саласында жүрген нәзік жандылар жетерлік. Солардың бірі - Алматы қалалық полиция департаментінің білікті маманы Әсима Барлыбекова. Жас болса да, талай қылмыстың бетін ашқан қызметкермен тілшіміз тілдесіп қайтқан еді.

Әсима Барлыбекова криминалистика саласына 5 жыл бұрын келген. Осы уақыт аралығында көптеген істің ашылуына атсалысып, ізін суытқан қарулы қылмыскерлердің тез табылуына себепші болды. Бала кезінен полицей болып, елге қызмет етуді армандаған маман кез келген істі соңына дейін жеткізу басты мақсатым дейді.

Әсима Барлыбекова, қалалық ІІД Жедел криминалистика басқармасының криминалисі:
Әкем айтатын да әрбір адам өзінің жұмысын сүю керек және жұмысқа барған кезде мейрамға барғандай дайындалып бару керек деп. Егер адам сондай дайындықпен сондай жұмысқа келетін болса, сенің әрбір істеген жұмысың өнімді болады.

Әсима күнделікті қылмыстық оқиға тіркелген орындарға барып, фотоға түсіреді. Із кеседі. Сосын жиналған мәліметтерді бір жүйеге енгізіп, әрі қарай зерттеу сынды бірнеше кезеңнен тұратын міндеттерді орындайды. Әріптестері оны жан жақты, отбасында аяулы жар, сыйлы маман ретінде құрметтейді. 

Ғайни Нүсіпбекова, қалалық ІІД Жедел криминалистика басқармасының криминалисі:
Алған білімін осы жұмыста пайдаланып жатыр десем де болады. Әсима өте адал дос, жақсы қызметкер, үлкенді сыйлайды, кішіге үйрете білетін сондай тәрбиелі қыз ретінде танып білемін.

Криминалист тапқыр, қырағы, батыл, ұқыпты әрі жылдам болуы шарт. Ал Әсиманың бойында аталған қасиеттердің барлығы бар дейді әріптестері.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу