Жетісу - жер жаннаты. Ал Көлсай көлдері оның төрі дейді жергілікті тұрғындар. Дәл осы Көлсай көлдері ұлттық паркінде ерлермен тең қызмет етіп, табиғат қорғауға үлес қосып жатқан нәзік жандар да аз емес. Ерекше қорғалатын аумақтың өсімдік және жануарлар дүниесін молайтып, браконьерлердің жолын кесіп, сұлу табиғатпен сырласқан арулармен өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы сұхбаттасып қайтты.
Бану Нұрбаева Көлсай көлдері ұлттық паркінде мекеме құрылғалы қызмет етіп келеді. 2007 жылдан бері Саты сайын жолдасы екеуі күзетті. Өмірлік серігі зейнетке шыққалы тізгінді өз қолына алды. 460 гектар аумақтағы аң құс пен өсімдік дүниесін көзінің қарашығындай сақтап, молайтып, кейінгі ұрпаққа табыстау ісінде ер азаматтармен тең еңбек етуде. Атқа мініп, әндетіп, кардонды аралағанды, сондағы жануарлардың қылықтарын тамашалағанды, ең бастысы табиғатпен сырласқанды жаны ұнатады.
Бану Нұрбаева, мемлекеттік инспектор:Мен бір келе жатқанымда алдымнан қасқыр шыға қалды. Содан қасқырдан қорыққанымда да білмеймін. Қорықпағам. Бірақ та қасқырды тұра қудым. Көбінесе табиғатпен тілдесеміз ғой. Осындай табиғатта жүргенімізге қуанамыз.
Көпбалалы ананың бір ұлы және екі келіні де осы Көлсай көлдері ұлттық паркінде қызмет етеді. Бар бақытым балаларым деп жүрген инспектордың бар мақсаты осы сұлулықты қаз қалпында ұрпақтарға табыстау.
Бану Нұрбаева, мемлекеттік инспектор:Балаларыммен бақыттымын. Өзім оншақты бала бақтым. Соларды өсірдім, оқыттым. Қазір немере сүйіп отырмыз.
Ал Сандуғаш Бәзілбаева Құрметі сайында қызмет етеді. Негізгі мақсаты орман қорын молайту. Тұқымбақта шренка шыршасының мыңдаған көшеттерін өсіріп жатыр. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, тура өз балаларымдай мәпелеп келем дейді, табиғат жанашыры.
Сандуғаш Бәзілбаева, мемлекеттік инспектор:Кішкентай баладай мәпелеп өсіресің. Уақытында суын суарасың, уақытында шөбін жұласың. Қояндар келеді. Құстан қорғаймыз. Себе салған уақытта тұқымын құстар жейді.
Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркінде 170 қызметкер болса, олардың 30-дан астамы нәзік жандылар. Мекеменің ер азаматтары мерекенің мәнін келтіріп, аруларға өз құрметін көрсетті. Әйелдердің қызығы мен қиындығы қатар жүрген табиғат қорғау ісінде еркектерден еш кем еместігін олар да мойындайды.
Қуаныш Қанатұлы