Жайық жағалауы тұрғындарға қауіп төндіріп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайық жағалауы тұрғындарға қауіп төндіріп тұр

09.03.2021

Атырау облысына қарасты Махамбет ауданындағы тұрғындарға Жайық қауіп төндіріп тұр. Бүгінге дейін өзен арнасы елді мекенге қарай 20 метрге дейін жақындаған. Соның салдарынан, жағада құлама тік жарлар пайда болып, жер учаскелерін су ағызып кетіп жатыр. 

14 гектар жер, 369 гектер егістік алқап, 121 үй, 4 мектеп пен 5 балабақша және 9 сорғы станциясы Жайық тыншымаса, су астында қалуы мүмкін. Олардың ішінде Бәтима Нұрхиеваның да жеке учаскесі бар. Зейнеткерге тиесілі жердің жартысынан көбі опырылып, суға кеткен. 

Бәтима Нұрхиева, Махамбет ауданының тұрғыны:  
Менің шарбағым тона Жайықтың ортасына дейін келді. Жайық бері қарай құлап-құлап біздердің шарбағымыз құлады. Мына жерде егін болды. Көп терегіміз болды. Бәрі кетті. Өзіміз қалдық әйтеуір.

Жайық өзенінің 200 км-і 17 елді мекенді бойлай ағады. Әзірге үш ауылда жағдай күрделі. 

Жандос Темірғали, тілші:  
Қауіпті аумақта шамамен үш мыңға жуық тұрғын бар. Жайықта су тасымаса да жағалау күн санап құлап жатыр. Мәселен мына кәсіпкерлік нысанға шамамен екі метрдей ғана қалған. Егер жаға бекітілмесе бұл нысан да су астына кетеді. 

Ауданда соңғы рет Жайық 94 жылы тасыды. Ол кезде өзен деңгейі 11 метрге дейін көтерілген. Қызыл судың адуынды екпінін дамбалар бөгеді. Халықты апаттан аман алып қалған сол үйінділерден қазір түк қалмаған. Жергілікті билік, арнайы жоба жасақтады. Алайда, бюджеттен қолдау таппай келеді.

Зұлхарнай Мұқаш, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары:  
Су тасысын, тасымасын мына жар жылдан-жылға құлап келе жатыр. Осыған орай біз өзіміздің жоба жасақтадық. Алға бойынша 3 жыл бойы қаржы сұранысын бердік. Махамбет бойынша былтыр бердік, алайда, қаржы бөлінген жоқ. Биыл қайта сұрап жатырмыз.

Тік жардың түбінде тұрған екі ауылдағы 8 км-дей жағаны бекіту үшін, 18 млрд-тың үстінде ақша керек. Қаржы биыл бөлінбесе жобаға түзетулер енгізіліп, қайта сұраныс беріледі. Оған дейін, «жағасы күнде құлап, зәре құтымызды алған Жайық үйімізді жермен жексен етпесе болғаны» дейді тұрғындар.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу