Қызылордада футбол жанкүйерлері стадионға оралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада футбол жанкүйерлері стадионға оралады

10.03.2021

Қызылордада жанкүйерлер араға бір жыл салып стадионға қайта оралатын болды. Футболсүйер қауым алдағы жексенбіде өтетін Қазақстан чемпионаты аясындағы «Қайсар» мен «Тараз» командаларының бәсекесін трибунадан тамашалайды. Ал жаттығу әлдеқашан басталып кеткен. Бүгінде өңірдің эпидемиологиялық ахуалы оңалып, коронавирус картасы бойынша «жасыл аймақта». Осыған сәйкес, бас санитардың қаулысымен спорттық шаралар кезінде көрермендерді кіргізуге рұқсат берілді. Дегенмен, жанкүйерлер санына шектеу қойылған. Әрі санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланбақ. 

Айман Жанахаева, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің баспасөз хатшысы: 
Бірақ, бұл ретте міндетті түрде арнайы талаптар сақталуы тиіс. Яғни, көрермендердің толтырылуы 20 пайыздан аспауы тиіс. Оның ішінде бетперделік режим, әлеуметтік ара қашықтық, антисептиктердің болуы міндетті түрде орындалуы керек.

Қостанайда бүгіннен бастап 1-5-ші сыныптарға аралас оқыту форматына көшуге рұқсат берілді. Сонымен қатар ойын сауық өткізетін аумақтарын қоспағанда, сауда орталықтары аптаның барлық күндерінде шектеусіз жұмыс істей алады. Ал 13 наурыздан бастап 20 пайыз ғана көрермен жинап, спорттық шаралар өткізуге болады. Соңғы аптада аймақта коронавирус инфекциясы 49 адамнан анықталды.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу