Елордада жол қозғалысы қиындап, 80 оқыс оқиға тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жол қозғалысы қиындап, 80 оқыс оқиға тіркелген

10.03.2021

Наурыздың алғашқы 10 күні артта қалса да, аязды күндер әлі алда сияқты. Еліміздің 7 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Көктайғақ салдарынан республикалық маңызы бар 12 күре жол жабылды.

Қарағанды мен Нұр-Сұлтан арасын жалғайтын автобан айнадай мұзға айналған. Соның салдарынан жолда жүру қауіпті. Оның үстіне секундына 15-20 метрге дейін жел соғып тұр. Ал, кейбір жерде қар бұрқасындап, жолдар жабылған.

Батыс Қазақстан облысында кеше түнде 300 жүк көлігі мен 50 жеңіл автомобиль жолда қалып қойды. Шымкент-Самара күре жолындағы көктайғақтан көліктер биіктікке көтеріле алмаған. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, оларға көмек көрсетті.

Нұрлан Таубеков, БҚО ТЖД департаменті бастығының орынбасары:
Бүгінгі күнге кептелісте 175 ауыр жүк көлігі тұр. Жеңіл көліктердің барлығы шығарылып, жөнелтілді. Аралығы шамамен 10 шақырымдай болады. Жұмыс жалғасуда.

Жүргізушілердің көбі ауа райы туралы ескертуді елемей жолға шығып кеткен. Кеше ел бойынша кеңеске құлақ аспай алыс сапарға шығып, қар құрсауында қалып қойған 125 адам құтқарылған.

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
Бұл шұғыл жұмыстарға 605 адам және 400-ге жуық техника жұмылдырылды. Және де Қазақстанның барлық аймақтарында жылыту бекеттері орналастырылды.

Елордада да қар аралас жаңбыр жауып, көшеде қозғалыс қиындады. Бір күнде 80 жол апаты тіркеліп, 1 адам зардап шеккен.

Аманкелді Сейтхан, тілші:
Көктайғақ пен қатты желге байланысты өткен аптада ғана мектепке баруға рұқсат берілген бастауыш сынып оқушыларына сабақ бүгін қайтадан қашықтан өтті. Ал, әуежайда 16 рейс кейінге шегерілді. «Қазгидрометтің» болжамынша ауа райы алдағы үш күнді осындай құбылмалы болады. Оңтүстікте қар аралас жаңбыр жауса, солтүстік-батыста жауын-шашын тоқтап, температура төмендейді. Яғни, тұман, бұрқасын, көктайғақ пен екпінді жел күшеюі мүмкін.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу