Еуропада індет өршіп, карантин күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада індет өршіп, карантин күшейтілді

10.03.2021

Еуропада ковид-тің мутацияға ұшыраған түрлері өршіп тұр. Чехия, Словакия ауруханаларында орын жетіспей, науқастарды көрші мемлекеттерге жіберіп жатыр. Вирустың таралуына тосқауыл қою үшін қарт құрлық елдері карантинді қайта күшейтуде. Қазір Брюссельден Нұрсұлу Қасым бізбен байланысқа шықты.

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Қазір Чехия мен Словакияда эпидахуал өте қиын. Шағын мемлекеттерде ковидті күніне 10 мыңнан астам жұқтырып жатыр. Ауруханаларда орын жоқ. Науқастарды Германия, Швейцария, Польшаның емдеу мекемелеріне жатқызуда. Медбике, дәрігерлер тапшы болғандықтан, медициналық университетте оқитын студенттер жұмылдырылған. Италияда індеттен қайтыс болғандардың саны 100 мыңнан асты. Коронавирус өршіп тұрған елдің бірнеше аймағында шектеулер күшейтілді. Финляндия, Эстония, Венгрияда мейрамхана, сауда орындары жабылып, оқушылар онлайн оқуға көшті.

Экспресс тестер Германия супермаркеттерінде сатылымға шығарылды. Құны - 25 еуро, бізше 12,5 мың теңгедей. Бірақ, әр клиентке бір қораптан ғана сатылып жатыр. Әрқайсысында 5 дана тесттен. Осы аптада Бельгия дәріханаларда да сатыла бастайды. Қарт құрлық елдерінің басшылары осы тесттер британдық, бразилиялық, оңтүстікафрикалық штамды тез анықтауға септігін тигізеді деген сенімде. Ал, мамандар вирустың мутацияға ұшыраған түрлерінің таралуына тосқауыл қою үшін вакцинацияны күшейту қажет дейді. Дегенмен, Еуроодақ елдерінде екпе жеткіліксіз болғандықтан вакцинация баяу жүріп жатыр. Бүгінге дейін Одақ тұрғындарының 10 пайызы ғана екпе салдыртқан.

 Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу