Жер жаһанды жайлаған коронавирустың елімізде алғаш тіркелгеніне 1 жылға жуықтады. Былтыр дәл осы айда жайбарақат жайлы өмір тоқтап, көпшіліктің жүрегін қорқыныш билеген еді. Қатерлі індет әсіресе денсаулық саласын дүр сілкіндірді.
Наурыздың 13-і. Алдымен Алматы, іле елордада алғашқы жұқтыру дерегі анықталып, бұрын-соңды естімеген дерт елді елең еткізді. 16 наурыз. Мемлекет басшысының шешімімен елде төтенше жағдай жарияланды. Бұл режим екі айға созылды. 11 мамырда карантиннің жеңілдегені сол еді, эпиджағдай ушығып, ауру жаз айларында үдей түсті.
Дәл осы кезде инфекциялық ауруханалардың іші майданмен пара-пар еді. Денсаулық сақтау саласы қару-жарағын қамдады. Қысқа уақыт ішінде 16 модульді аурухана салынды. 3 инфекциялық аурухана қайта жөнделді. 185 аурухана 100 пайыз рентген аппараттармен қамтылды. Жедел жәрдем көліктері жаңарды. Ковидтің бар жоғын анықтайтын 450-ден астам зертханалық құрылғы, 12 мобильді кешен алынды. Медицина саласына құйылған инвестиция көлемі 2 жарым есеге артты.
Ауруға араша болып, шыбын жанын шүберекке түйген мамандар қауіпті вирустан қаймықпады. Қатердің ортасында жүріп ажал құшқандар да аз емес. Десе де еңбек еленді. 3 санат бойынша, үстемақы төленді. Қызмет бабында індеттің ілмегіне іліккен 9000-нан астам ақ халатты әлеуметтік төлемге ие болды.
Жансұлу Жұмаділова, Талғар аудандық орталық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы:
Жаңа жұқпа болғандықтан халық арасында үрей туғызды, қорқыныш сезімін келтірді. Адам баласына денсаулықтың қадірін түсіндірді. Науқастар бірнеше есе көп түсіп отырды.
Коронавирус өршіген тұста елде дәрі –дәрмек жетіспеді. Маска тапшылығы сезілді. Бұл басы ауырып, балтыры сыздаған жұртты әбден әбігерге салды. Десе де жауапты компания жұмысты жеделдетудің жолын тапты. Логистикалық жүйенің уақыты 7 есеге қысқарып, небәрі 2-3 күнде дәрі-дәрмек жеткізетін мүмкіндік жасалды. Вирус жұқтырғандар 5 түрлі дәріні тегін алуға құқылы болды. Отандық фармацевтика өндірісінің ұлғаюы да вируспен күресуде өз септігін тигізді.
Әйгерім Смайылова, «СК-Фармация» ЖШС баспасөз хатшысы:
Хабтарда қоймаларда жатпайды. Келген мезетте бірден медициналық ұйымдарға үлестіріліп жіберіледі. Екіншіден коронвирустың дәрілерінің 48 пайызын отандық өндірушілер шығарады. Яғни шетелден күтіп отырмаймыз.
Дәл осы кезең бұрын бағаланбай келген ғалымдардың қадірін ұғындырғандай. Қорғану шаралары вирусқа төтеп бере алмаған соң, сақтанудың жалғыз жолы екпе екенін әлем мойындады. Осылайша ақпанның бірінен бастап біздің елде де вакцинациялау басталды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Пандемия кезеңі елде қашанға дейін созылатыны беймәлім. Әрі мұндай сынақтың тағы қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті, биылдан бастап мемлекет қорғанудың келесі кезеңіне көшті. Қазір биологиялық қауіпсіздік жөнінде заң әзірленіп жатыр.
Раушан Сайлауқызы