Бағалы металдың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік күшейтілуі тиіс - Нығматулин - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бағалы металдың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік күшейтілуі тиіс - Нығматулин

10.03.2021

Қазақстанда бағалы металдың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жауапты ведомстволарға осындай тапсырма берді. Айта кетейік, депутаттар «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Бағалы металдың заңсыз айналымына қатысты жаза бізде тым жұмсақ. Қылмыскер әкімшілік қамауға алынады немесе 17 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл заңсыз әрекетке тосқауыл бола алмайды, - дейді спикер. Себебі алтынды заңсыз өндіру, сатып алу, заңсыз саудалау табысты болып тұр.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше кейбір елдерде осы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, Ресейде 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мүмкін. Ал біз әкімшілік айыппұлмен шектеліп отырмыз. Есесіне бағалы металды ұрлау мен оның заңсыз айналымы жыл сайын артып келеді.

Төраға жеңіл табыстың көзін аңдығандарға тосқауыл қою үшін – жазаны қатаңдату керек дейді. Тұтынушылық бағытта сатып алынған өнімдерді де мұқият тексеру маңызды. Бұл ретте құқық қорғау саласының өкілдері спикердің ұсынысын бірден қолдады.

Алексей Калайчиди, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Бүгінгі жүйе өз тиімсіздігін көрсетіп отыр. Заңсыз айналым үшін бұрын бізде де 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған болатын. Егер тиісті заңға өзгерістер енгізілсе, ведомство толықтай қолдайды.

Мәжілісмендер мақұлдаған заңның бір тармағы да осыған қатысты. Яғни Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдардың заңсыз айналымын бақылау жұмыстары ширай түседі. Бастысы - Қазақстанға жеткізілетін бағалы металдар таңбаланады. Онымен елімізде 3 компания айналысады.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Олар тиісті сертификациядан өткен. Таңбалауға заңды құқықтары және лабораториялары бар. Демек, таңбалаудан өтпеген кез келген зергерлік бұйым контрафакт өнім болып есептеледі. Иесі жауапқа тартылады.

Келісімнің тағы бір ұтымды тұсы – Қазақстанда таңбаланған өнімдерді Одақ шеңберіндегі елдерде қайта таңбалаудың қажеті жоқ. Бұл экспорттық әлеуетті арттырып, бизнеске қолдау болады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу