Лондонда қызыл автобустар бір ай бойына қызмет көрсетпеуі мүмкін. Себебі автобус жүргізушілері 30 күн бойы наразылыққа шықпақ. Олар көлік компаниялары иелерінің жалақыны қысқартқанына наразы. Ал, пандемияның салдарынан қаржылық қиындыққа тап болған мекеме басшылары мұндай қадамға мәжбүрліктен барғандарын айтады.
Марина Бекенова, тілші:
Жолаушылар 1 айға қоғамдық көліксіз қалуы мүмкін - жүргізушілер наурыз бойы өтетін наразылық шараларын бастап кетті. Нәтижесінде 80-ге жуық жолаушы бағыты тоқтап қалу қаупі алдында тұр.
Бүгін 2000-нан астам жүргізуші жұмысқа шықпай қойды. Жауын-шашынға қарамастан автобус тұрағы алдына жинағандар жұмыс берушінің жаңа талаптарымен келіспейді.
Мишель Брейвбой, «Unite The Union» кәсіподақ ұйымының аймақтық өкілі:
Біз жалақымыздың өзгеріссіз қалғанын және еңбек жағдайының жақсарғанын қалаймыз. Компания пандемияны желеу етіп, айлығымызды қысқартқысы келеді.
RATP Group – француздың автобус компаниясы. Соңғы деректерге сәйкес жұмыс беруші компанияның жылдық табысы 2,5 пайызға артқан. Ал британиялық басшыларының жалақысы 54 пайызға көбейген деген наразы топ қарапайым жұмысшылардың жалақысын қысқарту әділетсіздік деп санайды.
Глин Джоунс, жүргізуші:
Өткен жылы олар үйден еңбек етті. Біз өмірімізді қауіп қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүрдік. Иә, бұл біздің жұмысымыз, бірақ біздің де еңбегіміз бағалануы керек.
Қоғамдық көлік қатынасы ретке келмесе мыңдаған жолаушы зардап шекпек. Сондықтан көлік қатынасына жауапты Transport for London мемлекеттік мекемесі тараптарды ортақ мәмілеге келуге шақырды.
Марина Бекенова