Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 2,6%-ға қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 2,6%-ға қымбаттады

11.03.2021

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер құны жыл басынан бері 2,6%-ға қымбаттады. Бұл соңғы 4 жылдағы ең жоғары өсім. Үкімет бағаны ауыздықтау үшін түрлі шаралар қабылдағанымен,шарықтаған баға ырыққа көнбей тұр. Былтыр өнім өндіру, оны сақтау және өңірлерге жеткізу үшін кешенді жұмыстар атқарылды. Шекті құн да бекітілді. Сауда желілеріне жеңілдікпен қарыз беру тәжірибесі кеңейтілді.

Соның өзінде жұмыртқа – 11,5%, күнбағыс майы – 6,7, қант – 3,3, ал, қарақұмық – 2,5%-ға өсті. Май мен жұмыртқа өндірушілер баға жөнінде келісім жасасқан болуы мүмкін деген күдік бар.
 Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
34 ірі құс фабрикасының 13-інде жұмыртқа сату кезінде бағалық сөз байласу белгілері анықталды. Нәтижесінде, 13 өндірушіге бағаның төмендетуі туралы хабарлама жіберілді: Мысалы, монополияға қарсы орган Қостанай облысының тауық жұмыртқасының бағасын бір мезгілде 33%-ға дейін көтерген, 2 ірі құс фабрикасының іс-әрекеттерінде бағалық сөз байласу белгілерін анықталды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Нарықтың ірі қатысушылары арасында өзара келісуге жол бермеу үшін монополияға қарсы уақытылы шаралар қабылдансын. Сауда, ауыл шаруашылығы министрліктерімен, әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің барлық түрі бойынша бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу үшін қатаң бақылауды тапсырамын.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жол картасы әзірленді. Енді оның жұмысын бақылайтын мониторинг орталығын құру керек. Сауда және интеграция министрі осындай ұсыныс айтты. Сондай-ақ ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, оның ішінде көтерме-тарату орталықтарын ашу мен сауда процестерін цифрландыруды жедел реттеу керектігі тапсырылды.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу