Мерекелік демалыстар қарсаңында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарға үндеу жолдады.
«Мерекелік демалыс күндері қарсаңында маңызды бір мәселені еске салғым келеді, күз бен көктемде жіті респираторлық вирустық инфекция (риновирус, аденовирус, парагрипп вирус және басқалары) асқынады. Қазір ЖРВИ маусымы жалғасуда, сондықтан сырқаттану қаупі сейілген жоқ», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Айтуынша, елімізде коронавирустың жаңа штамдары тіркелген жоқ. Алайда халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын, сондай-ақ, жақын және алыс шетелден келетін адамдардың қатары көбейгенін ескерген жөн. Яғни, коронавирустың жаңа штамдарын тасымалдау қаупі артады. Ал шектеу шараларының жеңілдетілуі COVID-19-дың таралу қаупін үдетуі мүмкін.
«Америкалық және ресейлік ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне сәйкес, коронавирус инфекциясымен ауыратындардың тек 10-15 пайызында тұрақты иммунитет қалыптасқан. COVID-19 жұқтырған науқастарда иммунитет пациенттің жасына қарай қалыптасады: иммунитет балаларда жақсы дамиды - кәмелетке толмағандар арасында иммунитет шамамен 20% болады. 18-ден асқан адамдарда -14%, 65 жастан асқандарда -11%. 40%-да иммунитет өте әлсіз және инфекция қайталанғанда көмектесе алмайды. Иммунитеттің сақталу ұзақтығына қатысты ғылыми дәлелденген дерек жоқ, сондықтан Covid-19-дан сауыққан адамдарда ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі күн сайын артып келеді», - деді министр.
Министр вакцинация туралы да жазды. Ақпан айында «Спутник V» екпесімен жаппай вакцинация басталды. Бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату қаупі жоғары азаматтар (медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері) екпе салдырады. Ал сәуір айынан бастап халықтың осал топтарын (созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқандар және халықтың басқа да топтары) вакциналау жоспарланып отыр.
«Егер халық жаппай КВИ-ге қарсы профилактикалық екпе салдырса, ұжымдық иммунитет қалыптасады және инфекцияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік туады. Құрметті қазақстандықтар, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі де жоғары! Пандемия әлі де жалғасуда, вирус жеңілген жоқ. Сондықтан әр адам жағдайға барынша жауапкершілікпен қарау керек, Әрине, міндетті түрде вакцинация да қажет», - деп түйіндеді Цой.