Журналисті өлтірді деген күдікті ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналисті өлтірді деген күдікті ұсталды

28.09.2018

Журналист Ирина Бекетованы өлтірді деген күдікті қолға түсті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Құзырлы мекеменің баспасөз хатшысы Алмас Садубаевтың мәліметінше, журналистің өліміне онымен бір үйде тұрған 34 жастағы Астана тұрғыны Анатолий Гусейнов күдікті деп танылып отыр. Полицияның болжамынша, қайғылы оқиға болатын күні Бекетова мен күдікті қызғаныштан сөзге келіп қалған. Осыдан кейін әйелдің подъезде ес-түзсіз жатқанын көргендер «жедел жәрдем» шақырған. Гусейнов полицияға сол күні белгісіз бағытқа қашып кеткенін айтқан. Күдікті қазір уақытша қамау абақтысына жабылды.

Алмас Садубаев, ҚР ІІМ ресми өкілі:

- Криминалдық полиция қызметкерлері күдікті Гусейновты Ақмола облысы, Аршалы ауданына қарасты Ижевск ауылынан ұстады. Қылмыскерді қолға түсіру кезінде ол ешқандай қарсылық көрсетпеген. Қашып кетуге де тырыспаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу