Келесі айда созылмалы сырқаты бар және жасы 65-тен асқан адамдарға коронавирусқа қарсы вакцина егу басталады. Бүгін Үкіметте елдегі эпидахуал жайлы баяндаған Денсаулық сақтау министрі осы айдың соңында вакцинаның тағы 180 мың дозасы жеткізілетінін хабарлады. Ал премьер-министр екпе егумен қатар халық ішінде түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Елде эпидахуал тұрақты. Коронавирусты жұқтыру дерегі ақпанда 30, осы айда 20 пайыздай азайған. Ал тұмау былтырмен салыстырғанда екі жарым еседей аз. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Министр кез келген сәтте жағдай нашарлап кетуі мүмкін дейді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Қазіргі сақтық шараларын ескере отырып, жыл соңына дейін коронавирустың таралуына қатысты болжам жасалды. Мәселен оптимистік сценарий бойынша келесі айда тәулігіне 500-дей адам инфекция жұқтыруы мүмкін. Ал пессимистік болжам бойынша күніне 1700 адамнан вирус анықталуы ықтимал.
Вирусты жоюдың жалғыз жолы – вакцина егу. Әзірге 76 мыңнан астам адамға екпе салынды. Олар дәрігерлер, мұғалімдер мен әскерилер. Енді келесі айдан бастап созылмалы сырқаты бар және жасы 65-тен асқандарға егіледі.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ол үшін наурыздың соңында вакцинаның 180 мың дозасы жеткізіледі. Ал осы уақытқа дейін вакцинаны қабылдағандардың жағдайы жақсы. Ешбірінде жағымсыз реакция байқалған жоқ. Жаппай екпе егу – әлемдегі эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына әсер етеді.
Бірақ соған әлі де күмәнмен қарайтындар бар. Бұл түсіндіру жұмыстарының ақсап тұрғанын білдіреді деді премьер. Айтуынша әкімдіктердің сайтында да вакцина мен оның пайдасы жайында бірде-бір мәлімет жоқ. Тіпті жұрт егу пункттерінің мекен-жайын да білмейді. Сондықтан Асқар Мамин халықты вакцинамен қамту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Осы фактор пандемиямен күресте және экономикалық өсімді қалпына келтіруде аса маңызды болып табылады. Халық арасында вакцинация туралы дұрыс пікір қалыптастыру үшін қоғам мен медицина қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастыру керек. Денсаулық сақтау министрлігіне наурыз айының соңына дейін егу пункттерінің дайындығын қадағалап, вакцинаның қажетті көлемде жеткізу үшін барлық мәселелерді шешуді тапсырамын.
Қазір оқушылар аралас форматта оқып жатыр. Министр 300-ге жуық мектепте санитарлық ереженің бұзылғанын жеткізді. Яғни, балалар арасында да індет жұқтыру дерегі тіркелуде. Бірақ ауырғандар жалпы оқушылардың 0,2 пайызынан аспайды дейді Алексей Цой. Сондай-ақ, халықаралық рейстер де жанданып, қазаннан бері елімізге шетелден миллионнан астам жолаушы келген. Бірақ олардан COVID-тің ұлыбританиялық, оңтүстікафрикалық және бразилиялық штаммы тіркелген жоқ.
Досжан Маратұлы, тілші:
Ал алда ұлыстың ұлы күні Наурыз келе жатыр. Айтулы мерекені тойлау үшін түрлі іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Ереже бұзушылықтың алдын алу үшін премьер-министр мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуге тапсырма берді.
Досжан Маратұлы