Қызылорда облысында биыл күріш алқабы 5 мың гектарға қысқартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында биыл күріш алқабы 5 мың гектарға қысқартылады

17.03.2021

Қызылорда облысында биыл күріш алқабы 5 мың гектарға қысқартылмақ. Себебі, алдағы егін маусымында Сырдың суы тапшы болады деп болжануда. Былтыр да шаруалар егінге су жеткізе алмай, біраз шығынға батқан еді. Трансшекаралық өзенге тәуелді аймақ басты дақылынан бас тартуға мәжбүр. Әріптесім Әділбек Серікұлы мамандардың пікірін саралап көрді. 

Облыста күріш егумен айналысатын бүгінде 500-ден аса ірілі-ұсақты шаруашылық бар. Дегенмен, соңғы жылдары күрішшілерден маза қашты. Құрғақшылықтың салдарынан шаруасы құрдымға кеткендер де жоқ емес. Көбі тіршілігін құлдыратпау үшін суды аз қажет ететін дақылдар егуге бет бұра бастады.

Мұрат Сәрсенбаев, «Абай-Дәулет» ЖШС директоры:
Биыл да судың қиындығын тағы да ескертіп айтып жатыр. Алдағы уақытта әртараптандыруға байланысты жоңышқа, бидай, арпа т.б дақылдар егіліп жатыр. Келешекте осы суды аз қамтитын алма бағына екі гектар бірінші рет соны көрейік деп отырмыз.

ТІЛШІ: Күріш алқаптарын қысқарту облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне де кері әсерін тигізеді. Бірақ, бұл қадамға баруға жылда қайталанатын су тапшылығы себеп болып отыр. Дегенмен, күріштік жерлер азайғанымен, жалпы егістіктің көлемі 4 мың гектарға ұлғаймақ.

Шахмардан Қойшыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Күріштің көлемін 5,1 мың гектарға азайтамыз деп жоспарлап отырмыз. Яғни, орнына 9 мың гектар басқа дақылдарды әртараптандыру бағытында егін егілетін болады.

Сыр өңіріндегі су тапшылығы мәселесі жақында Парламент мінберінде де көтерілді. Мәжіліс депутаты Азамат Сембинов күріш дақылын субсидиялауды қайта қарап, салаға жауапты министрге бірқатар ұсынысын жеткізді.

Азамат Сембинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Бұл мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, бұл сұрақты жан-жақты қарастыруыңызды ұсынамыз. Сондай-ақ, трансшекарадағы өзендерден қайта қарауды ұсынамыз.

Мамандардың айтуынша бүгінде Сырдария өзеніндегі ірі су қоймаларында жиналған судың қоры өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай кем. Сондықтан, сырбойындағы шаруаларға егін жайы биыл да оңай соқпайын деп тұр. 

Әділбек Серікұлы, тілші 
Сырдың ең төменгі сағасында орналасқан аймақ үшін өңірге келетін судың мөлшерін қазір болжаудың өзі қиын. Дегенмен, мамандар күріш егістігінің көлемін биыл 84 мың гектардан асырмауға ұсыныс айтып отыр. Оның өзі соңғы шешім емес. Өйткені, бұл мәселеде көршілес мемлекеттердің халықаралық су пайдалану келісімін орындауына тікелей байланысты.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу