Теміртаудағы №2 жылу энергия орталығында жарақат алған 50 жастағы жұмысшы қайтыс болды. Денесінің 95 пайызын күйік шалған азаматты құтқаруға дәрігерлер барын салды. Алайда жарақатының аса ауырлығына байланысты жанын арашалап қала алмапты.
Еске салсақ, 11 наурызда «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты ЖЭО-да дәнекерлеу жұмыстары кезінде жанар-жағармай материалдары тұтанып, бояу бөшкесі жарылуынан екі адам зардап шеккен болатын. Екінші ер адамның денесін жеңіл күйік шалған. Қазір Мақажанов атындағы ауруханада ем қабылдауда. Жылу орталығында болған жайт бойынша еңбек комиссиясы тексеріс жүргізіп жатыр.
Руслан Нұрланұлы