Жезқазғанда тұрғындар ескі пәтер үшін берілетін өтемақыға келіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда тұрғындар ескі пәтер үшін берілетін өтемақыға келіспейді

17.03.2021

Жезқазғанда апатты үйлерге қатысты дау басылмай тұр. Қаланың бас жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда 262 үй бұзылуы керек. Биылғы тізімге ең қауіпті деген баспаналар енген. Ал пәтер иелеріне өтемақы төленеді. Бірақ тұрғындар баспаналарының тым арзанға бағаланғанын айтып, шағымдануда. Кейбірі тіпті, үйлерінің апатты екеніне күмәнді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған мына Щевченко көшесіндегі 17 үй әбден ескіріп, апатты жағдайға жеткен. Биыл толығымен бұзылды. Мұнда тұратын 8 отбасы қауіпсіз жерге көшіріліп, өтемақылары төленді. Енді бұл жерге 5 қабатты үй салынатын болады.

Қаладағы апатты жағдайдағы 24 үй биыл бұзылады. Барлығы 250 отбасына өтемақы төлеу үшін қазынадан 1 миллиард 500 миллион теңге қаражат бөлінген. Енді осы қаржы теңдей үлестіріліп берілуі тиіс. Бірақ жұрт өтемақыға лайықты баспана ала алмайтынын айтып отыр.

Файзолла Бабасов, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Компенсация берсе енді сол үй алатындай, жағдайға жететіндей берсе. Әйтпесе үйдің орнына үй беруге болады ғой. Ипотека енді мен пенсияға жақындап қалдым ненің ипотекасын аламын?

Қаланың бас жоспарына сәйкес ескірген 262 үй кезең-кезеңімен түгел бұзылмақ. Тұрғындар баспаналарының ескі екенін мойындайды. Бірақ жаппай бұзу деген шешіммен келіспейді. Себебі тұруға қауіпті екенін дәлелдейтін комиссия құжатын ешкім көрсетпеген. Соған байланысты жұрт «тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы» арқылы неге жөндеп бермеске дейді.

Әкімдіктегілер ескі ағаш үйлердің арзан болатынын жасырмайды. Ал пәтер орнына дәл сондай баспана беру әу-баста қарастырылмаған көрінеді.

Алиса Сағымбаева, Жезқазған қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
Қалада бюджет тарапынан салынған үйлер, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерден апатты үй тұрғындарына үй беру көзделмеген. Сол себепті біз төтенше жағдай жариялап, пәтер иелеріне реквизиция жасап, компенсация төлейміз.

Биыл қалада көпқабатты бес үйдің құрылысы басталады. Алдағы бес жылда апатты және ескі үйлердің барлығы бұзылып, орнына жаңасы салынады. Тұрғындарға өтемақыны алғашқы жарнаға төлеп, ипотекаға пәтер алудан басқа амал жоқ. Алайда көпшілігі зейнет жасындағы немесе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу