Қызылордада тозығы жеткен үйдің тұрғындары шағым айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада тозығы жеткен үйдің тұрғындары шағым айтты

18.03.2021

Қызылордада 64 пәтерлі көпқабатты үйдің баспалдағы опырылып, бір әйел екі баласымен жертөлеге құлап кеткен. Анасы дене жарақатын алып, жеткіншегінің бас миы шайқалған. Сонау 40 жыл бұрын салынған жатақхана бүгінде адам шошырлық жағдайда. Тозығы жеткен баспана тұрғындардың базынасын өңірдегі тілшіміз тыңдап қайтты. 

Әділбек Серікұлы, тілші: 
Қаланың қақ орталығындағы мына тұрғын үйдің тұрғындары біраз жылдан бері үреймен өмір сүріп келеді. Өйткені, жертөледен көтерілген ылғалдан үйдің іргетасы мүжіліп жатыр. Тіпті, кейбірі баспанасын тастап, көшіп те кеткен.

Әсемгүл Мырзаханова бірер күн бұрын балаларымен үйіне келе жатып, үйіндінің астында қалды. Бірінші қабаттың баспалдағы опырылып, жертөледен бір-ақ шыққан. Сол күні бір өлімнен аман қалдық дейді ол.

Әсемгүл Мырзаханова, тұрғын: 
Бірінші өзім құладым, үстіме екі цемент құлады. Екі цементтен кейін, үстіме екі бала келіп құлады. Екі баламның бірінің басы цементке кеп тиді. Оны кеше апардым, бас миы шайқалған дейді.

Бұрын жатақхана болған баспанада бүгінде алпысқа жуық отбасы тұрып жатыр. Көпқабатты үй 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жаңбыр жауса, төбеден су сорғалайды. Іргесі сыз тартып, қабырғасы қақырай бастаған. 

Ақжарқын Кенжебекова, тұрғын:
Баспалдақтар езіліп кеткен. Қысы, жазы судан. Содан кейін, біз түсіп қарадық жертөлеге. Қарасақ, ешқандай бағана жоқ. Сондай қауіппен, мінекей қаншама халық отырмыз.

Жергілікті әкімдік бұл үйдің қазіргі жай-күйінен хабардар. Бірақ, заңнамаға сәйкес үйді бастан аяқ жөндеу үшін тұрғындар өздері қаржы жинауы тиіс дейді сала басшысы.

Біржан Далабаев қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
Аталған үйдің 80 пайызы жалдамалы пәтерлер. Сондықтан ешқандай келісім алынбады қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге. Ол үйді апаттық деп тану үшін сол үйдің тұрғындары тарапынан арнайы аккредитациядан өткен лицензиясы бар сарапшы мекемелердің қорытындысы қажет.

Жалпы қала бойынша 815 көпқабатты тұрғын үйдің тең жартысы жөндеуді қажет етеді. 

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу