Жерді игеруге Қазақстан азаматтарынан басқалары күдер үзсе болады. Тіпті, бастапқыда қандастарға да жер берілмейді. Президент бастамашылығымен тиісті заң жобасы Мәжіліске түскені мәлім. Бүгін арнайы жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
31-ші желтоқсан жер кодексіне жарияланған мораторий бітеді. Елдің көңілін алаңдатқан мәселені шешуді Президент былтыр Үкіметке емес, өз әкімшілігіне тапсырды. Ал, таяуда заң шығаруға бастамашылық ету құқын пайдаланып, заң жобасын Мәжіліске жолдады. Бүгін алғашқы танысытырылымы өтті.
Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға сондай-ақ, қандастарға беруге толық тыйым салу туралы, саяси шешім қабылданды.
Қандастар ел азаматты атанбайынша ауыл шаруашылығы жерлерін ала алмайды. Бірақ, оған дейін бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер телімі беріледі. Дегенмен, азаматтық алудың өзі қатаң қаралуы тиіс. Яғни, әлемдік тәжірибедегідей ең кемі 5 жыл тұрып, сол елдің тілі мен тарихы бойынша сынақ тапсыруы керек. Сондай-ақ мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы жерлерін кім жалдап отырғаны мәлім болуы маңызды. Ол үшін жер кадастрын ашу ұсынылды. Тағы бір өзекті мәселе – жайылымдар. Қазір, жұрт өріске мал жаюдан қалды. Өйткені, өзгенің иелігінде. Расында, көбі банкте кепілде тұр.
Рүстем Құрманов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
Әсіресе, мәселе оңтүстік өңірлерде өткір тұр. Жайылымдардың жүктемесі нормативтен 2 есе жоғары. Соған орай қолданыстағы жер кодексінде әкімдіктердің мемлекет қажеттілігі үшін жайылым жерлерді алуы көзделген норма қарастырылған. Тіпті, халықтың қажетін қанағаттандыру үшін ауыл маңы жерлерін әкімдіктердің қайтарған деректері бар. Тәжірибе болса да, әкімдерде белсенділік жоқ.
Тағы ел тұрғыны мен шетелдіктің жерді бірлесіп игерілуі жөнінде сұралды. Жер төңірегіндегі сауалда сан жоқ. Ал, заң жобасы нақты ауыл шаруашылығы жерлеріне басымдық береді. Жер комиссиясының отырысы 25 наурызға жоспарланған.
Нысаналы Ығыл