Алматының 34 мектебінен жарылғыш зат табылған жоқ. Таңертеңнен саперлер білім ошақтарын түгел тінтіп шықты. Бүгін белгісіз біреу мегаполистегі мектептердің электрондық поштасына күдікті хат жіберген. Полиция департаментінің мәліметінше, мәтіні бірдей хабарлама 34 мектепке түнгі уақытта жіберілген. «Мектепке жарылғыш зат қойылды. Егер дереу ақша аударылмаса, жарылғыш іске қосылады»,-делінген хатта. Қазір хабарлама қалдырған адамды анықтап, оны ұстау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Қалада қашықтан оқу рұқсат етілгендіктен, мектептерде оқушы көп болмаған. Олар бірден үйлеріне қайтарылған.
Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
Қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде. Тәжірибеге сүйенетін болсақ, бұл хабарламаларды әдетте бұзақылық әрекетпен таратады немесе сәл ауруға, жүйке ауруына шалдыққан адамдар немесе мас күйінде жасайтын адамдар.
Жазира Оразқызы