Қаланың іргесіндегі бірнеше ауыл ауыз суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаланың іргесіндегі бірнеше ауыл ауыз суға зәру

19.03.2021

Қостанайда облыс орталығының дәл жанындағы ауылдардың дені ауыз суға зәру. Мысалы қостанай ауданының Октябрь округіне қарасты 6 елді мекеннің бірде біріне орталықтандырылған су желісі тартылмаған. Ауыз су тек көлікпен тасымалданады. Сондықтан тұрғындар судың әр тамшысын үнемдеуге мәжбүр.  

Дәуренбек Әбдібек, тілші: 
Облыс орталығынан 20 шақырым ғана қашықтағы Молоканов ауылына өркениет жетістігі жетпеген. Мұнда табиғи газ жоқ, орталықтандырылған су желісі тартылмаған. Ауыз суды аптасына бір рет мынадай көліктермен әкеледі. Тұрғындар үйдегі бар ыдысын шығарып оны осылай күтіп алады. 

Молоканов – Октябрь округіне қарайтын алты ауылдың бірі. 500-ге таяу тұрғыны бар. Жастардың бәрі дерлік қалада жұмыс істейтіндіктен күндіз үйлерінде болмайды. Сондықтан түс ауа жеткен су таситын көлікті егде кісілер күтіп алады. Бір-біріне хабар беріп, ыдыстарын қамдап, тіпті тиын-тебенін санауға да көмектеседі. 

Жалғызбасты зейнеткер Лидия Пенкина «Бір бәк су бір аптаға өзіме еркін жетеді» дейді. Ал төрт баланың анасы Оксана, тасымалданған судың әр тамшысын есеппен жұмсап, үнемдеуге мәжбүр.

Оксана Симанойс, ауыл тұрғыны: 
Маған бір аптаға кем дегенде 200-300 литр су қажет. Бір фляг су 125 теңге. Үнемі сатып алу қалтаға да салмақ түсіреді. Кейде боранда көлік көшеге кіре алмайды. Ондайда ыдыстарды сүйретіп ауыл шетінен күтіп алуға тура келеді. Бұл өте жайсыз. 

Жалпы бұл ауылдың тұрғындары таза судың қадірін жақсы түсінеді. Сондықтан қай-қайсы да оны барлық мұқтажына пайдаланбайды.

Сайын Шаяхметов, ауыл тұрғыны: 
Жуынуға, моншаға қарды ерітеміз. Оның өзі қап-қара болып кетеді. Бірақ амал жоқ.

Октябрь округіне қарайтын Молокановпен қоса тағы екі ауылға биыл су тарату қондырғысы орнатылмақ. Яғни, көлікпен әкелінген су бір жерге жиналып, ол орталық аптаның барлық күндері жұмыс істейді. Жалпы облыс бойынша биыл 104 ауылға осындай қондырғы орнату жоспарланып отыр. 

Дәурен Асқаров, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы: 
Егер бір жылда барлық ауылдарға жобалық сметалық құжат жасап, орталықтандырылған желі тартамыз десек, бұл ақылға сыйымсыз нәрсе болар еді. Себебі оның бәрін қаржыландырып, жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан бұл жұмыс біртіндеп жүргізіледі. 

Былтыр облыста 13 ауылға орталық су желісі тартылыпты. Биыл олардың қатарына тағы бес елді мекен қосылады. Ал Молоканов тұрғындарына әзір тасымалданатын суды тұтына тұруға тура келеді. Себебі бұл ауылға орталық желі тарту әзір жоспарда жоқ. 

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу