Қостанай облысында былтыр 1 млн тонна дәнді дақыл, 800 мың тонна ұн, 10 мың тонна өсімдік майы экспортталды. Бұл – тулақтай жерді бос тастамай, ебін тауып жер емген диқандардың еңбегі. Өңірдегі шаруашылықтардың дені қазір иелігіндегі жерге егін салып қана қоймай, мал шаруашылығын да қатар дамытып отыр.
Ұзынкөл ауданы Отынағаш ауылындағы қожалықтың иесі Манас Досымов 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 25 асылтұқымды сиыр сатып алған. Бүгінде ірі қараның саны 450 – ге жетті. 300-ге тарта жылқы өсіреді. Қылқұйрықтың қарасын көбейтуге «Құлан» бағдарламасының септігі тиді. Енді мемлекеттің қолдауымен қой сатып алуды жоспарлап отыр.
Манас Досымов, шаруа:Малға азықты өзіміз дайындаймыз. Шөп, жем, арпа, сұлы, бидай егеміз. 2 мың гектардан аса жеріміз бар. Тағы да малды көбейту үшін жайылым керек. Конкурсқа болса соған қатысамыз.
Шағын қожалықта маусымдық жұмыстар кезінде 20 адам, қалған уақытта 12 адам тұрақты еңбек етеді. Егер мал саны көбейсе жұмыскерлердің де қатары артпақ. Ал, іргелі ауылшаруашылығы - «Олжа Агро» 7 мыңнан астам адамға жұмыс беріп отыр. Жерінің көлемі 460 мың гектардан асады. Оның 183 мың гектарына жұмсақ бидай, қалғанына майлы дақылдар мен мал азығы егіледі. Былтыр бидайдың шығымдылығы әр гектарынан орташа есеппен 15 центнер болды. Майлы дақылдардың көрсеткіші бұдан әлдеқайда жоғары.
Алексей Ерин, «Олжа Агро» ЖШС агрономы:200 мың гектар алқаптың топырағына агрохимиялық сараптама жасалды. Бұл қандай тыңайтқышты қай жерге, қанша мөлшерде қолдануымыз қажеттігін нақтылауға мүмкіндік береді. Біз барлық дақылдарды тыңайтқыштармен егеміз. Әрі қарай олар көктеп шығып, жетіліп, өнім бергенінше бақылап, баптауды тоқтатпаймыз.
Серіктестікте ет және сүт бағытындағы 12 мыңнан аса ірі қара бар. Былтыр алқаптан 250 тонна бидай жиналып, 3 мың тоннаға жуық сүт өндірілген. Егіншілік пен мал өсіруді қатар игерген шаруашылық осылайша мыңдаған ауыл тұрғынының тұрақты табыс тауып, тұрмысын түзеуіне сеп болып отыр.
Дәуренбек Әбдібек