Осы аптада Түркияның ұлттық валютасы лираның долларға шаққандағы құны арзандап, елде инфляция күшейіп кетті. Бұған бірнеше фактор әсер етті дейді мамандар. Оның бірі елге Америка мен Еуропа елдері салған санкциялар болса, екіншісі ел ішіндегі саяси текетірестер болуы да мүмкін.
Айдос Әшімұлы, тілші:Иә дүйсенбі күні Түркияның ұлттық валютасы лира долларға шаққанда 15 пайызға бірден құнсызданды. Қазір валюта айырбастау пункттерінде бір доллар 7 лира 96 құрыштан сатылып жатыр. Мамандар лираның күрт құлдырауына жұма күні пайыздық мөлшерлемені бірден 19 пайызға көтергені үшін Президент Режеп Тайып Ердоғанның Орталық банктің басшысын орнынан алып тастауы себеп болуы мүмкін деп отыр. Экономистердің пайымынша енді инфляцияны ауыздықтау оңай болмайды. Себебі пандемия кезінде экономиканың барлық саласының қарқыны баяулап, туризмнен келетін табыс төмендеп кеткен. Қазірдің өзінде азық-түлік пен бензин бағасы қымбаттап, қызмет көрсету құны да өсіп жатыр.
Невзат Айдын, шағын кәсіпкер:Пандемия біз сияқты шағын қоғамдық тамақтану орындарына ауыр тиді. Бірнеше ай бойы инфляция жабық тұрдық. Енді ашылғанда азық-түлік бағасы қымбаттап кетті. Еріксіз біз де бағаны көтеруге мәжбүрміз. Дегенмен мемлекет аз да болса көмек беріп жатыр. Қазір барлық салада оңай емес. Сондықтан жақсы күндер келгенше тоқтамай жұмыс істейміз.
Айдос Әшімұлы, тілші:Егер осылай жалғаса берсе жазда ұлттық валюта тағы да құлдырап, бір доллар 9 лираға дейін баруы мүмкін дейді мамандар. Алайда лираның құнсыздануы шетелдік туристер үшін тиімді болуы да мүмкін. Себебі турларды доллармен сатып алған туристер үшін баға арзандайды. Ел билігі экономиканы тұрақтандырып, бағаны ауыздықтау үшін екі күн бұрын 10 бағыттан тұратын арнайы бағдарлама жариялады. Онда экономиканы әртараптандыру, жұмыссыздықпен күрес, отандық өндірісті арттыру және бағаны өсірмеу сияқты сала-сала бойынша нақты қадамдар жазылған. Екі жылға жоспарланған бағдарламаның жүзеге асуын арнайы құрылған комитет қадағаламақ.
Айдос Әшімұлы