Елімізде түрлі ұтыс ойындарын жарнамалаған танымал әншілер әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған. Осылай деген алматылық адвокаттар ұйымдастырушылардың біріне ғана іс қозғалғанын айтып, дабыл қақты. Ал ұтысқа қатысып, сан соққандарды қорғаған заңгер Тілеужан Кішкенебаев адвокаттық қызметінен шеттетілді. Ол бұл істің артында үшінші күш тұр деп есептейді.
Соңғы жылдары белгілі өнерпаздар әлеуметтік желілер арқылы халықты лотереяға қатысуға үгіттеді. Ұтыс ойындарын Роза Әлқожа, Жазира мен Жанболат, Ернар Айдар, Ақбота Керімбекова сынды эстрада жұлдыздары бірінен соң бірі жарнамалаған.
Әншілердің сөзіне сенген халық қалтасындағы соңғы тиынына дейін санап берді. Алайда кей ойындар соңына дейін аяқталмай, ұтысқа тігілген бағалы заттар жалға алынған болып шықты. Жәбірленген 50-ге жуық адамды қорғауға алған Тілеужан Кішкенебаев осы іс бойынша тиісті органдарға бірнеше рет шағымданған.
Тілеужан Кішкенебаев, қалалық адвокаттар алқасының мүшесі:
Бірнеше рет тергеушінің іс-әрекетіне, прокурордың іс- әрекетіне, судьялардың іс-әрекетіне шағымданған болатынмын. Бірақ шағымнан ешқандай нәтиже болмады.
Ал Роза Әлқожа мен Ақбота Керімбекованың адвокаты Абзал Құспан әншілердің ісі заңсыз дегенмен келіспейді. Себебі олар келісімшарт бойынша қайырымдылық қорының акциясын жарнамалаған. Алайда кейін лотереяның негізгі ұйымдастырушылары әншілерсіз, яғни өздері көпшілікті инвестиция құюға шақырып, заңға қайшы әрекеттер жасаған.
Абзал Құспан, заңгер:
Өздері тікелей байланысқа шығады да айтады. Айталық, сіздер бізге 500 мың ақша салсаңыздар, біз сіздерге 750 мың теңге қылып қайтарып береміз дейді. Міне, осы инвестиция мәселесі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Тергеудегі азамат жоғарыда аталған барлық ұтыс ойынының негізгі ұйымдастырушыларының бірі. Ал қалғандарына не үшін іс қозғалманы түсініксіз деген адвокат Кішкенебаев енді бұл іске араласпауы мүмкін. Себебі 2017 жылы өзі қатысқан істе айыпталушылардан заңсыз 10 мың теңгеден алды деген айып тағылды. Сот шешімімен адвокаттық қызметінен 3 жылға шеттетіліп, 500 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Алайда ол сол күні кезекшілікке шығып, заңды еңбекақымды ғана алдым дейді.
Тілеужан Кішкенебаев, қалалық адвокаттар алқасының мүшесі:
Мен одан 100 есе табыс табамын. Сондай табыс тауып отырып, 10 мың теңге үшін қылмысқа барады деген ешқандай да логикаға келмейді. Бірақ бұлардың мақсаты мені адвокаттық қызметімнен шектеу болып отыр.
Мамандардың сөзінше, осы лоторея ойындарынан 8 мыңға жуық адам зардап шеккен. Олар ұтысқа 200 миллион теңгеден астам қаржы салыпты. Сондықтан, өнер жұлдыздары ұтыс ойындарын жарнамаламас бұрын анық-қанығына көз жеткізіп алуы керек дейді тұрғындар.
Ал заңсыз ойындарға алданғандардың аманатын арқалаған адвокат жәбірленушілердің құқығын енді кім қорғайды деп алаңдаулы. Жауапқа тартылған заңгердің әріптестері енді өзге адвокаттар да жәбірленушілерді қарамағына алуға жүрексінеді деп отыр.
Нұрхан Нұрланұлы