Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында Ноғайты өзені тасып, Сағыз елді мекені маңындағы көпірді және ауыл ішіндегі екі өткелді шайып кетті. Қызыл судың қатты екпіні кешке жақын басылды. Жауаптылар алаңдауға негіз жоқ, қауіптің беті қайтты деп отыр.
Тыншып аққан айдын кеше түнде бір сәтте буырқанып, елдің есін шығарды. Өрде жиналған қар суы Ноғайты өзенінің арнасын толтырып, жолдарды шайып кетті. Республикалық маңызға ие Атырау-Ақтөбе тасжолындағы уақытша салынған көпірді құлатты.
Тасыған өзен көлік қозғалысына да кесірін тигізді. Қызыл су 8000 мыңға жуық халқы бар Сағыз ауылына жайылып, екі өткелдің түгін қалдырмады. Абырой болғанда жапа шеккендер жоқ.
Айдулат Кенжебеков, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:Жол қозғалысы қайтадан қалпына келтіріліп, автокөліктер жүріп жатыр. Және де бұл өзен ешқандай тұрғын үйлерге және әлеуметтік нысандарға зиян тигізген жоқ.
Өзеннің тасуына көршілес Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы жауған қалың қар мен бір күн бойы толассыз құйған жаңбыр себеп болды. Дер кезінде қимылдаған төтеншеліктер суды барынша бөгеп бақты. 100 тонна топырақ пен 160 тонна қиыршық тас төселді. Сөйтіп, қираған көпір де жөнделді.
Жантөре Демешов, облыстық ТЖД бөлім бастығы:Қазір жағдай Сағызда толық тұрақты. Бізде Ресейден алдын ала болжам алынып, соның негізінде биылғы жылға келетін судың деңгейі орташа деңгейде. Су тасу қаупі жоқ.
Өңірде суға кетуі мүмкін 39 аумақ бар. Жауапты мамандар қауіпсіздікті күшейткен. Әзірге қауіп жоқ деп отыр.
Жандос Темірғали