Астанада мектепте жарылғыш зат бар деп жалған ақпарат берген оқушы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада мектепте жарылғыш зат бар деп жалған ақпарат берген оқушы анықталды

14.11.2018

Бүгін Астанадағы №22 мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат түсті. Сабаққа келген оқушылар мен ұстаздар жаппай сыртқа шығарылды. Полицейлер ғимаратты дереу қоршауға алып, тексеру жасады. Нәтижесінде, террорлық әрекет туралы жалған қоңырау шалынғаны анықталды және күдікті көп ұзамай ұсталды. Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, «мектепте бомба бар», деп дүйім жұртты дүрліктірген 15 жастағы оқушы екен. Қазір оның үстінен сотқа дейінгі тергеу басталып кетті. Ол өзінің әрекетін қызық үшін жасадым деп түсіндірген. Қылмыстық кодекске сәйкес, террорлық әрекет жайлы жалған ақпарат таратқандарға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Софья Қылышбекова, Астана қ. Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы:

- Қазір техникалық мүмкіндіктердің арқасында осындай қылмыстар тез ашылады. Кейбіреулер телефон шалған соң ешкім мені таба алмайды, қалай іздейді деп ойлайды. Бірақ, ол жаңылысады. Бізге мұндай қылмыстарды ашу ешқандай қиындыққа соқпайды, өйткені, технология өте дамыған. 

Астанада жыл басынан бері осыған ұқсас 9 оқиға болған. Ұсталғандардың жетеуі әртүрлі мерзімге түрмеге қамалған. Екі адамның ісі әлі қаралып жатыр. Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес, террорлық әрекет жайлы жалған ақпарат таратқандар қатаң жазаға тартылады. 

 

Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу