Елордада карантиндік шаралар күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада карантиндік шаралар күшейтіледі

29.03.2021

Елордада инфекция жұқтыру күрт өсті. Тәулігіне 300-ден 400-ге дейін адам вирусқа шалдығады. Әсіресе, 30-39 жас аралығындағылар індетке ілігіп жатыр. Тағы, 14 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Бүгінде дәрігерлер мен медициналық ұжым екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. 3 мың 700-ден астам маман тартылды. 3 медициналық ұйымда қосымша 300 инфекциялық төсек-орын орнату жоспарланған. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау да жалғасуда. Алғашқы кезеңде 10 мың 800-ден астам, ал, екінші сатыда 3 мыңнан аса адам екпе салдырды.
Тимур Мұратов, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Пандемияның өршіген шағымен салыстырсақ, эпидемиологиялық жағдай өткен жылдың жаз айларына ұқсас. Бүгінге сәйкес КВИ анықталған жаңа 623 жағдай тіркелген. Төсек орындардың жүктемесі 74%-ды құрайды. Сондай-ақ, жан сақтау бөлімінде ем қабылдайтын науқастардың саны артқанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта бұл бөлімде 66 науқас жатыр, жүктеме 50 %-ды құрайды.
Елордада ертеңнен бастап карантиндік шектеулер күшейтіледі. Қаланың бас санитарлық дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Енді қоғамдық тамақтану орындары демалыс күндері жұмысын тоқтатады. Қалған уақытта таңғы 7-ден кешкі 22-ге дейін ашық. Онда да 50 пайыз сыйымдылықпен. Бұқаралық шаралар өткізуге қатаң тыйым салынды. Құжатқа сәйкес сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері де сенбі-жексенбі жабылады. Тек дәріхана, азық-түлік дүкендері жұмыс істейді. Ал, кинотеатрлар, боулинг, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары мүлдем ашылмайды. Бірақ, рұқсат берілген бірнеше кәсіпкерлік нысаны ғана «Ashyq» жобасымен жұмыс істей алады. Сондай-ақ бітіруші сыныптан басқа оқушылар 4-ші тоқсанды қашықтан оқиды. Бұл талап студенттерге де қатысты.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу